Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Таразға келді

0 0

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейтуді тапсырған болатын. Енді Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру және аталған бірлестіктің филиалдарын өңірлерден де құру мәселесіне орай Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Тараз қаласына келіп, Жамбыл облыстық әкімдігінде өңірдің қорғаныс саласының басшылығымен, сонымен қатар жастармен кездесті.

Әуелі облыс әкімі Асқар Мырзахметов бүгінде елімізде жастарға патриоттық тәрбие беру ерекше қарқын алғанын, бұл мәселеге қатысты Елбасы Жолдауында жан-жақты айтылғанын әңгімеледі. Ал министр Нұрлан Ермекбаев өз сөзінде Елбасы Жолдауында айтылған тапсырмаға орай, елімізде «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылғанын, аталған шараға Президенттің өзі қатысқанын, нәтижесінде белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Сонымен қатар, министр Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағы жастарға патриоттық тәрбие беретін ерекше орталық екенін айта отырып, облыс әкіміне облыста «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының үйлестіру кеңесін құру және аудандар мен ауыл мектептерінде де аталған бірлестіктің филиалын ашу, аталған филиалдарды арнайы формамен, педагогтармен, техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету туралы ұсынысын жеткізді.

Асқар Мырзахметов Жамбыл облысы «Жас сарбаз» филиалын алғашқылардың бірі болып құрғанын, ендігі мақсат еліміздегі жаңа деңгейге көтерілген алдыңғы қатарлы филиал болу екендігін айтты. Бұдан кейін «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Асхат Олжабаев сөз алып, бүгінде филиал жұмысының қарқынды екенін, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында өңірде 20 клуб, 14 үйірме жұмыс атқарып отырғанын жеткізді.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов және «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев үшжақты меморандумға қол қойды.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Leave A Reply

Your email address will not be published.