Ішкі істер министрлігінің өкілдері қазақстандық полицейлердің жаңа нысанды киімінің жобасын көрсетті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Ведомстводағылар форманың суреттерін Instagram желісіндегі парақшасында жариялады.
ІІМ мәліметінше, полицейлердің формасы соңғы рет 2005 жылы өзгерген.
«Бүгінде ол заманауи талаптарға сай келмейді. Нысанды киім-кешектерге қойылатын негізгі талаптар — оның қолайлылығы, тартымдылығы, ыңғайлылығы және артық элементтердің болмауы. Нысанды киімдердің дизайнына, дайындалуына қосымша қаражат талап етілмейді. Полиция қызметкерлері нысанды киім-кешектермен кезең-кезеңмен қамтамасыз етіледі. Ол ескірген нысанды киімді ауыстыруға бөлінетін жыл сайынғы қаражат есебінен жүзеге асырылатын болады», — деді ІІМ өкілдері.
Ведомстводағылар осы форманың жаңа үлгісін талқылауға қатысып, белсенділік танытуды сұрады.