Талас ауданында екі тәулік бойы толассыз жауған қар тұрғындарды біраз әбігерге салды. Дегенмен, «Таза-Талас» мекемесінің жұмысшылары мен арнайы техникалары сақадай сай болып, жауған қардан жолдарды тазалап шықты. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Айта кету керек, ауданда осы уақытқа дейін көшелерді қалың қардан тазарту үшін іргелі мекемелердің көмегіне жүгініп, техникаларын пайдаланатын. Бұл жолы аталған мекеме жұмысшылары тиісті міндеттерді уақытпен санаспай толықтай атқарып шықты.
«Таза-Талас» мекемесі директорының орынбасары Бейсенбек Искаковтың айтуынша, қар жауған алғашқы күннен-ақ жұмысшылар арасында кезекшілік ұйымдастырылған.
— Қалаға түсер «Самал» биігінен бастап, темір жолдың арғы беті мен қаланың батыс бетіндегі көшелер қардан аршылып, тұз араласқан құм себілді. Сондай-ақ, «Достық» және «Жеңіс» алаңы, саябақтар мен скверлер, айналмалар мен көше қиылыстары тазартылды, — деп жауап берді атқарылып жатқан жұмыстар жайында Б.Искаков.
Бүгінге дейін арнайы техникалардың көмегімен 100 тонна тұз-құм шашып, 200 тонна қар шығарылған. Бұл іске қосымша кәсіпорын мамандарынан бөлек, 97 қоғамдық жұмысшы тартылған. Сондай-ақ, бір мезгілде қар тазалаумен қатар, қар күреп, құм шашып, көше сыпыратын «КамАЗ», жол талғамайтын қар тазалағыш «Урал», қар тазалайтын «МТЗ-82,1» маркалы 2 «Беларусь» тракторы, тиегіш трактор мен «ЗиЛ» автокөлігі жұмылдырылған.
Бүгінде кәсіпорын қоймасында қыс мезгілінде жолға себетін 900 тонна құм, 300 тонна тұз қоры дайын тұр.
«Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай келетін» бұл ай — сан құбылмалы. Қалың түскен алғашқы қардың сынағына сүрінбей төтеп берген мекеме қызметкерлері алдағы уақытта да тыңғылықты дайындықпен, ұйымдасқан түрде жұмыс атқаратындықтарын жеткізді.
Нарбол Қашаған,
«Талас тынысы»