Аудан көлемінде елді мекендер арасындағы жолдар жөнделіп, көлік қатынасына ыңғайлы жағдайлар туғызып келеді. Бұл көпшілік тарапынан ризашылық сезімін тудыруда. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Сондай жолдардың бірі — Көшек батыр ауылынан Үшарал ауылына дейінгі жол болатын. Тұрғындардың біраз жылдан бергі екі арадағы жол жөнделсе деген тілегі биыл орындалды. Бұған дейін, жөндеу көрмей жолаушыларды әбден әбігерге салған жол ендігі жерде тақтайдай тегіс асфальт жолға айналды.
Жалпы ұзындығы 20,19 шақырымды құрайтын аралыққа орташа жөндеу жұмыстарын «Строй Гарант Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырған.
— Жалпы, аталмыш нысанға 354 миллион теңге қаражат бөлінген, — дейді аудан әкімдігі тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұрлан Күдертаев,- тиісінше жөндеу жұмыстары сапалы, мерзімінен бұрын аяқталды.
Алдағы уақытта Аққөл — Талапты және Қасқабұлақ ауылына кіреберіс жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар, — дейді.
Бүгінде жолаушылар жаңа жолдың игілігін көптеп көруде.