Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қатысуымен «Тараз HUB» IT-орталығы ашылды

0 1

Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қатысуымен облыс орталығында «Тараз HUB» IT-орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы «ZhambylNews» Aқпараттық Агенттігі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңадан ашылған «Taraz Hub»-тың негізгі миссиясы ІТ-мамандардың жаңа буынын даярлау, стартап-мәдениетін дамыту және ел мен облыс экономикасын нығайту үшін жоғары технологиялық жобаларды құру. Жобаның жалпы құны 250 миллион теңгені құрайды. Жоба аясында 15 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ, онда 50 жұмыс орны бар 15 стартап компанияны орналастыруға жағдай жасалған.

Асқар Исабекұлы «Taraz Hub» Жамбыл облысының ІТ-индустриясы дамуының өзегі және локомотиві болуы тиіс екендігін атап өтті. Өңірде осындай орталықты құру туралы шешім білікті мамандарға деген сұраныстың өсуіне негіз болатыны сөзсіз. Орталық директоры Нұрсұлтан Темірханның айтуынша «Taraz Hub» алдағы уақытта барлық жастағы адамдарды IT саласындағы жаңа технологияларға, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге үйретпек. Оқытушылардың біліктілігін арттыру, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жұмыстары да жүргізілетін болады. Коворкинг аймағында заң және бухгалтерлік салалары бойынша жұмыс орындары ұсынылмақ. Бизнес инкубаторда түрлі шеберлік сағаттары, бизнес тренингтер өтеді.

Сондай-ақ, қазіргі таңда мұнда еліміздегі ең білікті ІТ мамандары жұмыс жасауда. Орталық бұл бағыттағы үздік компаниялармен байланыс орнатып үлгерді. Бұған дейін 13 компаниямен келісім жасалса, тағы 30-ға жуық компаниямен келіссөз жүргізілуде. Ақпараттық технология бойынша жұмыс жасайтын мамандардың санын 80-ге дейін жеткізуге мүмкіндік бар.

Бүгінде орталық «Enactos Dulati» компаниясының жаңа отын түрін ойлап табу жобасын қолдауда. Ол отын көң және өзге де қалдықтардан құралады. Қуаты көмірмен деңгейлес жаңа отынның құны көмір бағасынан 8 есе төмен екен. Қазірдің өзінде оны Жамбыл ауданы Өрнек ауылындағы бірқатар тұрғындар үйлерін жылыту үшін көмірдің орнына пайдалануда.

Орталықтағы мамандар баламалы энергия көздерін өндіруге арналған қондырғылар, робототехника құрастыруда тың жетістіктерге жету жолында еңбектенуде. Алдағы уақытта «Taraz Hub»-ты республика бойынша үздік орталыққа айналдыру көзделуде.
Айта кету керек, қазіргі уақытта дәл мұндай орталық тек Астана «Astana hub» қаласында ашылған. Екінші болып Тараз қаласында іске қосылып отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.