Облыс әкімдігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті

0 2

Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысы өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне cілтеме жасап.

Жиында жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністері мен заңбұзушылықтар мәселелері талқыланды. Алғашқы боп сөз алған облыс әкімі аппараты құқық қорғау органдарымен жұмыс және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Аслан Оразбеков халық арасында бұл сала сыбайлас жемқорлық жайлаған сала деген түсінік қалыптасып отырғанын, оған соңғы жылдары жүргізілген сауалнама нәтижелері дәлел бола алатынын тілге тиек етті. Оның айтуынша, тек ағымдағы жылдың өзінде облыс әкімінің атына жер саласындағы заңсыздықтарға қатысты 60-тан астам шағымдар түскен.

Саладағы сыбайластықты азайтудың маңызды әдістері – қызметтерді цифрландыру және жариялықты қамтамасыз ету. Бүгінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіміне жер саласындағы 23 қызмет түрі енгізілген. Оның ішінде 10-ы цифрландырылған, қалғаны қағаз түрінде көрсетіледі.

Алайда ауылдық округтерде «е-лицензиялау» жүйесі толық енгізілмеуіне байланысты аталған қызметтерді цифрландыру кешеуілдеуде. Ауылдық округ әкімдері бұл орайда бұрынғыша қағаз түрінде өтініш қабылдап, шешім шығаруда.

Аймақ басшысы заң талаптарын сақтауда, аукцион өткізудегі тиісті міндеттерді орындауда қатаң бақылау керектігін ескертті. Сондай-ақ, аудандардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы комиссияның құрамын жаңарту жұмыстарын сылбыр атқарып отырған жауапты тұлғаларды сынға алды. Бірқатар басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне сауалдар жолданып, жауаптары тыңдалды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.