Жаңа жылды тойламайтын 8 ел

0 3

Сауд Арабиясы Жаңа жылды атап өтуге ресми түрде тыйым салған. Алайда бұл жаңа жыл мерекесін елеусіз қалдыратын жалғыз мемлекет емес. 1 қаңтарға қараған түні бүкіл әлем Жаңа жылды тойлайтындай көрінеді. Алайда мүлде олай емес. Көптеген елде күнтізбе ауысатын күн мереке деп есептелмейді. Айталық, үнділер мен ирандықтар Жаңа жыл түні алаңсыз тынығып, таңертең қарапайым жұмыс күнін бастайды. Sputnik Қазақстан бүгін сіздерді Григориан күнтізбесі бойынша жыл басын тойламайтын 8 елмен таныстырады.  

 Сауд Арабиясы

Сауд Арабиясында Жаңа жыл 1 қаңтарда мерекеленбейді. Тіпті оған тыйым салынған. Дүкендерде жаңажылдық тауарлардың сатылмауын, ал көшелерде сауық-сайран салынбауын қадағалайтын жергілікті полицияның арнайы бөлімшесі жұмыс істейді. Мұнда Жаңа жыл көктемгі күн мен түн теңесетін күн – 21 наурызда кіреді, бұл көбіне қасиетті Мұхаррам айының алғашқы күніне сәйкес келеді.

Жыл санау Хижрадан (1622 жылдың 16 шілдесі) – Мұхаммед пайғамбардың Меккеден Мединеге қоныс аударған күнінен бастап жүргізіледі.

Израиль

Израильде 1 қаңтар – кәдімгі жұмыс күні. Израиль халқы Жаңа жылды күзде – еврей күнтізбесі бойынша (қыркүйек немесе қазан) жаңа Тишрей айында атап өтеді. Бұл мереке Рош Ха-Шана деп аталады. Оны 2 күн тойлайды. 1 қаңтар жұмыс күні болса да, мерекеге тыйым салынбаған. Сондықтан кез келген адамның қосымша немесе еңбек демалысын алып, бұл күнді өзінше атап өтуіне еш кедергі жоқ.

Иран 

Иран Парсы күнтізбесін пайдаланады, онда жаңа жыл 21 наурызда басталады. Бұл – көктемгі күн мен түннің теңелуі және Наурыз мерекесі. Сондықтан ирандықтар 1 қаңтарды қарапайым күндердің бірі ретінде қабылдайды.

Наурызды Қазақстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан, Албания және Македония халқы 1 қаңтармен бірдей тойлайды.

Жоғарыда айтқанымыздай, бұл ел өз күнтізбесімен өмір сүреді. Иран күнтізбесі немесе Күн хижрасы – Омар Хайямның қатысуымен әзірленген және содан бері  бірнеше рет жаңартылған астрономиялық күнтізбе.

 Үндістан

Көпұлтты Үндістанда түрлі мәдениеттің сан-алуан мерекесі бар, олар үшін бірыңғай күнтізбе жасау мүмкін емес. Мұнда мәселе басқа жолмен шешіледі: қызметкерлер наным-сенімі мен дініне қарай өздері атап өткісі келетін мереке күндерінде демалыс алуға құқылы. 1 қаңтар жалпыұлттық мереке болмағандықтан жаппай тойланбайды. Сонымен қатар, көпшілік мақұлдаған үнді күнтізбесіне сәйкес, Жаңа жыл 22 наурызда аталып өтуі керек, алайда Керала штатында жылдың ауысуы 13 сәуірде тойланады, оңтүстік штаттардың Дивапали, ал сикхтердің (Үндістанда тұратын этноконфессионалдық топ) Вайсакхи дейтін өз мерекесі бар. Махараштра штатында оны Гуди Падва деген атаумен атап өтеді.

Үнді субконтинентінде Жаңа жылды тойлаудың тағы бірнеше нұсқасы бар.

Қытай

Қытай Жаңа жылы (Чуньцзе) 21 қаңтардан 21 ақпанға дейінгі күндердің біріне түсіп, қысқы күн тоқыраудан кейінгі екінші жаңа айға тура келеді. Бұл мерекені қытайлықтар мемлекеттік ауқымда атап өтеді: отшашу, дүрмекті шерулер ұйымдастырады, ауқымды шамшырақ фестивалін өткізіп, дәстүрлі отбасылық кешкі асқа жиналады. Дегенмен 1 қаңтар – демалыс күні. Дүкендерде жасанды шыршалар мен Аяз атаның мүсіндері сатылатынына қарамастан, бұл күн елеусіз өтіп кетеді.

 Вьетнам

Вьетнам Жаңа жылы Тет деген атауға ие – бұл қаңтардың соңы мен ақпанның басындағы күндердің бірінде аталып өтетін елдегі ең маңызды және танымал мереке. Көбінесе ол Қытайдың уақытымен сәйкес келеді, алайда аздап айырмашылығы болады. Күнді таңдау қағидаты – ай күнтізбесі бойынша алғашқы айдың бірінші күні.  Тет мерекесінің ауқымдылығы сондай, мерекелік іс-шаралар бір аптаға созылуы мүмкін.

Мереке отбасылық сипат алған, ол күн жақындағанда вьетнамдықтар туыстарымен бірге уақыт өткізіп, марқұмдарды еске түсіріп, бір-біріне сыйлық беру үшін саяхаттан оралуға тырысады.

 Бангладеш

Бангладеште Жаңа жыл Қазақстанмен салыстырғанда мүлде басқаша тойланады. Мереке бойшак айының бірінші күнінде – 14 сәуірде өтеді. Адамдар ерте тұрып, тәуір киімін киіп, серуендеуге шығады. Бұл күні саябақтарда ұлттық нақышта мәдени бағдарламалар ұйымдастырылады.

Бангладеште ішімдік сатуға шектеу қойылған, сондықтан мерекенің соңы ырду-дырдуға ұласпайды. Адамдар әңгіме-дүкен құрып, ән айтып, сурет салады, би билеп, суретке түседі. Бір сөзбен айтқанда уақытты мерекелік көңіл-күйде өткізеді. Алайда бұл ел де 1 қаңтарды ресми мереке және демалыс күні деп жариялаған.

Оңтүстік Корея 

Оңтүстік Кореяда 1 қаңтар – демалыс күні. Мұнда әдемі шыршалар мен Санта-Клаусты кезіктіруің мүмкін. Бірақ жыл басы Кореяда мереке емес, отбасыңмен және достарыңмен бірге өткізуге болатын қосымша демалыс ретінде қабылданады. Ал ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл – Соллаль кең ауқымда аталып өтеді. Осы күні көптеген корей ата-бабаларының рухына тағзым ету үшін өз туған қаласына оралады. Жолға көп уақыт кетуі мүмкін болғандықтан, Жаңа жыл алдындағы және одан кейінгі күн де ұлттық мереке саналады.

Дереккөз: Sputnik Қазақстан

Leave A Reply

Your email address will not be published.