2019 жыл Қазақстанға үлкен жауапкершілік жүктегелі тұр. Олай дейтініміз, еліміз биыл екі бірдей әлем чемпионатын өткізу құрметіне ие болды. Оның үстіне ұлттық санақ аясында халық санын алғаш рет онлайн есептеп шықпақ.
Үшінші халық санағы
2019 жылы Қазақстанда өтетін басты оқиға ұлттық халық санағы болмақ. Биыл билік қазақстандықтардың санын жаңа әдіспен есептегелі отыр. Халық санағына Қазақстанның барлық азаматы, соның ішінде кәмелетке толмағандар, елде уақытша тұратындар мен шетелге уақытша кеткендер, шетелдіктер, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар да қатысады. Бұған қоса, үнемі шетелде тұратын қазақстандықтар да есепке алынады.
Бұл жолы жалпыға бірдей халық санағы әдеттегідей қағаз түрінде емес, электронды форматта өтеді. Ол үшін қазақстандықтар статистика комитеті іске қосатын сайтқа кіріп, 89 сұраққа жауап беруі тиіс. Оның ішінде 45 сұрақ – азаматтардың жеке мәліметтері мен алдағы жоспарларына қатысты.
Халық санағы екі кезеңнен тұрады деп жоспарланып отыр. Алғашқысы мамыр-маусым айларында, екіншісі қарашада өтпек. Санақ электронды форматта өтсе де, ұйымдастырушылар 30 мың еріктіні жұмысқа тартпақ. Олар планшетпен үй-үйді аралайтын болады.
Биылғы санаққа мемлекет бюджетінен 8,8 миллиард теңге жұмсалады деп жоспарлануда.
Айта кетсек, ұлттық халық санағы елімізде әр 10 жыл сайын өткізіледі. Қазір елімізде халық саны – 18 миллион 393 мыңнан астам.
Хоккейден әлем чемпионаты
Доңыз жылында Қазақстан алғаш рет ерлер командалары арасында хоккейден әлем біріншілігін қабылдайды. Бірінші дивизиондағы «А» тобының ойындарын өткізуге Қазақстанмен бірге Словения да өтініш білдірген болатын. Көктемде дауыс беру қорытындысы жарияланып, Қазақстан жеңіске жетті.
Спорт әлеміндегі айтулы оқиға Астанадағы «Барыс Аренада» 29 сәуір мен 5 мамыр аралығында өтеді. ТОП-дивизионға жолдама алуға Беларусь, Оңтүстік Корея, Қазақстан, Венгрия, Словения мен Литва құрамалары таласады.
Бұған дейін Астана мен Алматыда қысқы универсиада (2017), қысқы Азия ойындары (2011), жастар арасындағы әлем чемпионаты (2003) өткен еді.
Күрестен әлем біріншілігі
Биыл Қазақстанға тағы бір ірі спорттық шараны өткізу құрметі бұйырды. Қыркүйек айының басында Біріккен күрес әлемі (United World Wrestling – грек-рим күресі, еркін күрес және әйелдер күресінің халықаралық федерациясы) Қазақстан астанасын ресми түрде 2019 жылғы әлем чемпионатының қожайыны ретінде таңдады. Турнир өткізуге Алматы мен Стамбул қалалары да үміткер болған еді. Бірақ халықаралық федерацияның таңдауы Астанаға түсті.
Үлкен спорттық оқиға сегіз күнге созылады. Әлем біріншілігі 14-22 қыркүйек аралығында елорданың «Дәулет» аренасында өтеді.
2019 жылғы әлем чемпионаты 2020 жылғы Токио Олимпиадасына жолдама тарататын алғашқы лизенциялық турнир болмақ.
Әлем біріншілігінің билеттері қаңтар айында сатыла бастайды.
Жаһандық саммит
Былтыр Астана қалалық туризм бойынша 8-ші жаһандық саммитті өткізу құқығын жеңіп алды. Елорданың жеңісі туралы Оңтүстік Корея астанасында өткен ЮНВТО (Бүкіләлемдік туристік ұйым) қалалық туризмі бойынша 7-жаһандық саммит барысында белгілі болған еді.
Туризм саласында осындай ауқымды деңгейдегі шараны өткізу тәуелсіз Қазақстанның тарихында алғаш рет болып отыр. Қала туризмі бойынша жаһандық саммит жылына бір рет Бүкіләлемдік туристік ұйымының (ЮНВТО) талаптарына сәйкес таңдалған қалада өтеді.
Биыл Астанада өтетін саммит елорданың туристік әлеуетін әлемге паш етуге, қаланың дамуындағы жаңа бағыттарды көрсетуге, ірі халықаралық ұйымдармен және компаниялармен ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік бермек.
Жастар жылы
Елдің ертеңі – жастар екенін ескерсек, биыл жастар мәселесі толығымен шешімін табады деген үміттеміз.
Дереккөз: Sputnik Қазақстан