Облыста «Автоураган» қадағалау кешені қарқынды жұмыс жасауда

0 5

Қазіргі заманғы технологиялар біздің өмірімізге жылдам еніп, нәтижесінде цифрландыру жобаларын іске асыру азаматтардың игілігі үшін қызмет ететін полиция жұмысының сапалы жаңа деңгейін қамтамасыз етуде. Жамбыл облысының Полиция департаменті де өз қызметкерлерінің күнделікті қызметіне сандық технологияларды енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Мәселен, өткен жылдың соңында Қордай ауданында құқық қорғау органдары жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижелілігін арттыруға бағытталған «Автоураган» төрт аппараттық-бағдарламалық кешені жұмыс істей бастады. Бұл туралы «ZhambylNews» AA облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап  хабарлайды.

Бұл жұмыс уақыт өте келе қарқын алуда. Қазіргі заманғы технологиялар заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету сияқты маңызды мәселеде кеңінен қолданылуы тиіс екенін облыстық Полиция департаментіндегілер жақсы түсінеді. Облыс басшылары да мұны мақұлдауда. Осылайша аймақ басшысы Асқар Мырзахметов кеңейтілген отырыстардың бірінде жағдайды егжей-тегжейлі талдағаннан кейін төрт «Автоураган» АБК сатып алуға қаражат бөлу турасында бастама көтерді.

Сонымен қатар келесідегідей сұрақ туындайды: неге жаңа аппараттық-бағдарламалық кешендер нақты осы Қордай ауданында орналастырылған? Бұл аумақ облыс экономикасы үшін ғана маңызды емес, сонымен қатар бұл жағдайда қоғамдық-саяси факторды да ескеру қажет. Біріншіден, ол халық ең тығыз қоныстанған аумақ. Және тағы бір маңызды жағдай, Қырғызстан Республикасымен шекаралас орналасуы аталған ауданға баса назар аударуды талап етеді.

Сондықтан облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қордайлық полицейлерге заманауи аппараттық кешенді сатып алуға қаржы бөлу туралы шешімі орынды. Сонымен заманауи инженерлік ой-сананың керемет туындысы бүкіл Қордай ауданын тұтастай қамтыды. Қырғызстан Республикасы, көршілес Алматы облысы және басқа аумақтардан келген барлық көлік ағыны енді кешендердің қырағы бақылауында, сондай-ақ оларға қатысты тұрақты мониторинг жүргізілуде.

Жалпы алғанда, бүгінде Тараздың көше жол желілерінде жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін және ұрланған, айдап кеткен көлікті іздестіретін 40 кешен жұмыс істеуде, «Автоураган» кешені аймақтың 34 бекетіне орнатылған. Ал автоурагандардың тиімділігін дәлелдеу үшін жай ғана құрғақ сандарға жүгінсек жеткілікті. Мысалы, 2018 жылы ғана «Автоураган» АБК және бейнебақылау құралдарының көмегімен екі кісі өлтіру, екі қарақшылық, 32 кісі тонау, 45 бұзақылық, 69 ұрлық және 200 көлік айдап әкету, сондай-ақ 24000-ға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Ал жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты айыппұл мемлекет қазынасын 40 миллион теңгеге толықтырды.

Осылайша, кешендер бөлінген қаржыны ақтауда және олардың саны алдағы уақытта тек артатын болады. Олар цифрландыру бағдарламасы мен «Қауіпсіз аудан» бағдарламасы аясында сатып алынады. Автоурагандардың функционалы өте үлкен және олардың барлық басымдықтарын ұзақ айтуға болады. Тағы бір маңызды ерекшелігі – «Автоураган» фото — және бейнетіркеу жүйесі елдімекеннің көлік желісінің негізгі нысандарын қашықтан бақылауға мүмкіндік береді, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін бұзу мен апаттардың санын азайтуға ықпал етеді.

Қорыта айтқанда, олар қылмыстың ізін суытпай ашуға, сағат сайын және ай сайын Жамбыл облысына келетін және аймақтан шығатын барлық көлікті бақылауға мүмкіндік береді. Өйткені, құқық тәртібі үшін ең бастысы — қылмыспен күрес, қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл — Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында атап көрсеткен – полиция қызметкерлерінің басты міндеттері болып қала бермек.

Осылайша, цифрландыру үрдісі Жамбыл полицейлерінің қызметіне жылдам қарқынмен енгізілгенін сенімді түрде айтуға болады. Полиция департаменті облыс әкімдігінің қолдауымен алдағы уақытта облыстың негізгі көлік жолдары мен басқа да аудандарда осындай «Автоураган» кешенін орнатуды жоспарлап отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.