«Жамбыл – адалдық алаңы» жобасының мақсаттары мен міндеттері айқындалды

0 9

Облыстық әкімдікте өткен жиында «Жамбыл – адалдық алаңы» атты жобасын іске асыру мәселелері қаралды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Аталмыш жобаның міндеті – Жамбыл облысындағы азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру, жемқорлық деңгейін төмендету және сыбайлас жемқорлықты қабылдамаудың қоғамдық ахуалын қалыптастыру болып табылады.

Жиын барысында, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Дәурен Каипов жобаның мақсаты, бағыты және қандай салалар бойынша жұмыс жүргізілетіндігі жайлы баяндама жасады.

Атап айтқанда, жобалық кеңсе үш сала бойынша яғни, тұрмыстық жемқорлықты жою және қолайлы орта құру, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытарымен жұмыс жасалуына тоқтап өтті.

Соның ішінде, тұрмыстық жемқорлықты жою және қолайлы орта құру үшін білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету, сәулет және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары салаларының және мемлекеттік кіріс, сот және құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғалары қатарынан жобалық жұмыс топтарының құрылғандығын хабардар етті.

Жиынға сот және құқық қорғау органдарының басшылары мен қызметкерлері, жоғарғы оқу орындарының ректорлары, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

Еске сала кетейік, өткен жылдың 10 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы және Жамбыл облысының әкімі «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасының жарғысына қол қойған болатын.

Авторы: Жазира Ережепбаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.