Ақбұлақ ауылдық округінде ағымдағы жылы ауыз су мәселесі шешіледі

0 4

Ақбұлақ ауылдық округінде ағымдағы жылы ауыз су мәселесі шешіледі. Бұл туралы Т.Рысқұлов ауданы әкімі Асқар Қрықбаевтың ауданда 2018 жылы атқарылған жұмыстар туралы халық алдындағы есебі барысында айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Аталған жиында тұрғындар ауыз су кіргізу мәселесін көтерді. Сала басшылары қазіргі уақытта ауылды ауыз сумен қамту бойынша жобалық-сметалық құжаттар жасалып, мемлекеттік сараптамада жатқандығын, жоспарлы уақытта тиісті шешімдер оңтайлы жүзеге асырылатынын жеткізді.

Өз кезегінде аудан әкімі Асқар Санатұлы аудан деңгейінде атқарылған ауқымды шаралардың жоғары нәтижелермен танылғанын, облыста барлық көрсеткіштер бойынша алдыңғы орындарды, ауыл шаруашылығы бойынша үздік үш аудан санатына енгендігін жеткізді.

Сондай-ақ, биылғы жылы Ақбұлақ ауылынан 3 көше, Бәйтелі ауылынан 2 көше, Қызылшаруа ауылынан 2 көше орташа жөндеуден өткізілмек. Аудан әкімі Асқар Қрықбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауылдың өткенін жаңғыртып, ауыл орталығынан еңбек адамдарының құрметіне демалыс саябағын жабдықтау, ауылды абаттандыру бойынша жоспарлармен таныстырды.

Сонымен бірге, «Қазақстан Фермерлер Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы филиалының аудандағы өкілі Е.Бекенов ауыл шаруашылығы саласындағы фермерлер мен бизнес өкілдерінің құқықтары мен міндеттері туралы, Үкімет тарапынан берілетін қолдаулар туралы түсіндірме жасап, кооперативтерге бірігу туралы ұсыныстарын жеткізді.

Жиын соңында жұртшылық тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, ауылдық округ әкімі мен аудан әкімі тарапынан жауаптар берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.