Облыста биыл құны 30,9 млрд. теңгені құрайтын 57 инвестициялық жоба іске асырылады

0 3

Жамбыл облысында ағымдағы жылы құны 30,9 млрд. теңгені құрайтын 57 инвестициялық жобаның құрылысы жүргізілуі жоспарланды. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында өткен брифингте Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаров мәлімдеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Жайықбай Шалдарұлының айтуынша, аталған жоба аясында білім саласында 12 нысан, денсаулық сақтау саласында 1 нысан болса, бұдан бөлек, 40 жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылуы жоспарланған. Мұның арқасында 40 елді мекенді медициналық пунктермен, амбулаториялармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысы саласында 28 нысан, инженерлік — коммуникациялық жүйелермен қамтамасыз ету саласында 14 нысан және спорт саласында 2 нысан құрылысы жүргізіледі.

«Ағымдағы жылы облысымызда құрылыс саласында еніп отырған жаңалығымыз, ол құрылысы жүргізіліп жатқан нысандар бойынша электрондық деректер ақпараттық базасы енгізу. Онда нысанның мекен жайы, көлемі, құны, заңдылығы, қызыл сызықта жүргізілмеуі, статистикалық есепке енуі туралы ақпараттар жинақталады және жалпыға жариялы, қол жетімді болады. Бұл жүйеге қала, ауыл әкімдіктері электрондық кілт арқылы ақпарат толтырып отырады. Оған қоса, жүйені мемелекеттік сәулет құрылыс бақылау және сәулет басқармалары қадағалап отырады. Өз кезегінде бұл дерек қоры облысымызда құрылыс мәдениетін қалыптастырады деп күтілуде», — дейді басқарма басшысы.

 

Тағы бір жаңалық. ҚР инвестициялар және даму министірлігінің 2018 жылғы 7 шілдедегі №540 «Кедиттік тұрғын үйді өткізу тәртібін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен құрылысы жүргізілген үйлер 6 ай мерзім ішінде Қазақстан Құрылыс Жинақ Банкі арқылы салымшылар арасында және кезекте тұрған азаматтарға 7-20-25 бағдарламасы арқылы сатылымға беріледі. Алты ай өткеннен кейін басқа да азаматтар арасында сатылымға ұсынылады. Сонымен қатар, қазіргі таңда үкіметте жергілікті атқарушы органның «7-20-25» бағдарламасына қатысушыларға, бюджет есебінен алғашқы жарнаның 1 млн. теңгеге дейінгі 50 пайызын субсидиялау бойынша ережесін бекітуде. Онда субсидиялаудың қайтарымды және қайтарымсыз түрлері қарастырылуда. Қайтарымды субсидия әлеуметтік қолдау ретінде 0,01 пайызбен 15 жылға берілуі, ал қайтарымсыз суббсидия әлеуметтік жағдайы нашар топтағы азаматтарға әлеуметтік көмек ретінде бөлінуі қарастырылған. Бұл жеңілдіктерді пайдалану үшін, азамат бағдарламамен кредиттеуге құқығы бар өтініш берген, екінші деңгейлі банктер қоятын талаптарға сәйкес болуы және жергілікті мәслихат бекітетін, суббсидиялауға жататын азаматтардың топтары тізбесіне сай келуі тиісті. Осы ереже бекітілсе, біздің облысымызда да 7-20-25 бағдарламасына қатысушы азаматтарға алғашқы жарнаның 1 млн. теңгеге дейінгі 50 пайызын субсидиялау жұмыстары жалғасын табады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.