Бүгін Тараз қаласы мен аудандарда бөлке нанның бағасы 65 тен 70 теңгеге қымбаттады. Бұл туралы бүгін облыс әкімі баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев БАҚ өкілдеріне мәлімдеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңірде нан бағасын көтермеу мақсатында соңғы 4 айда тұрақтандыру қоры наубайханаларға құны 68 млн. теңгеге 854 тонна ұн босатты. Оның ішінде 456 тоннасы тұрақтандыру қорының сақтауынан, 398 тоннасы Қостанай облысынан сатып алынды. Сонымен қатар, ірі сауда орындары мен әлеуметтік дүңгіршектер арқылы 92 мың бөлке нан өткерілді.
Жүргізілген талдау нәтижесінде өткен жылдың екінші жартысынан бастап солтүстік өңірлердегі бидай бағасы келісіне 45-50 ден 65-70 теңгеге көтерілді, ұнның бағасы да сәйкесінше 65-70 тен 85-90 теңгеге дейін жоғарылады.
Тұрғындардың кірісін, наубайханалардың қаржылық жағдайын, көршілес өңірлердегі нан бағасының деңгейін және тұрақтандыру қордан 100 млн. теңгеден астам күтілетін шығындарды ескере келе, ағымдағы жылдың 21 қаңтарында облыс әкімінде наубайханалардың қатысуымен өткен отырыс барысында нан бағасын 5 теңгеге көтеру жөнінде шешім қабылданды. Нан бағасын 10 теңгеге көтеру жөніндегі наубайханалардың өтініштері талданып, 5 теңгеге ғана көтеруге негізі бар екені дәлелденді. Бұл қадам наубайханалардағы өндірістік әлеуетті, сондай-ақ нанның сапасын сақтауға мүмкіндік береді.
Тағы бір жаңалық. Тараз қаласында бөлке нанның бағасы 70 теңгеден аспайды және орта есеппен республика бойынша ең төменгі болып қала береді (бөлке нанның республикадағы ең жоғарғы бағасы 94 тенге, орташа бағасы 78 теңге). Облыстық тұрақтандыру қоры әлеуметтік дүңгіршектермен ірі сауда орындары арқылы бөлке нанды 55 теңгеден өткеруді жалғастыра бермек.
Айта кетейік, Жамбыл облысында нан бағасы 2016 жылдың 19 тамызынан бері тұрақты болған. Былтырғы жылдың 5 қазанынан бастап Тараз қаласының наубайханалары ұн бағасының көтерілуіне байланысты нан бағасын 10 теңгеге көтеру жөнінде әкімдікке бірнеше рет хат жолдаған еді. Осыған орай облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың тікелей тапсырмасымен 2018 жылдың 19 қарашасында жұмысшы топ құрылып, ұн мен бидай нарығына талдау жүргізілді.