Өткен жылы өңірде қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы сақталып, этносаралық және дінаралық шиеленістер орын алуына жол берілген жоқ. Бұл туралы бүгін өңір басшысы Асқар Мырзахметовке атқарылған жұмыстар туралы есеп берген облыс әкімдегінің ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғалиев мәлімдеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Былтыр аталмыш басқарманың ұйымдастыруымен барлығы 52 іс-шара өткізілген және Тараз қаласы мен аудан әкімдері басқармамен келісілген 4 индикаторды толығымен орындалған. Ал, биылғы жылға 2 индикаторлық көрсеткіш бекітіліпті.
Басқарма тарапынан қоғамдық саяси ахуалды бақылау бойынша 4000 респондент арасында тоқсан сайын әлеуметтік сауалнама жүргізіледі десек, соған орай 2018 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік шиеленістің ықтимал ошақтарының картасы жасалған. Басқарма басшысы әлеуметтік зерттеу қорытындысына сәйкес тұрғындардың 93,44 пайызы өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалды сәтті әрі тыныш деп сипаттаған. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасына қанағаттану деңгейі – 98,54 пайыз, билік органдарына сенімділік деңгейі 91,76 пайызды құраған.
Айта кету керек, өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бекітілген жоспарға сәйкес орындалып жатыр. Өткен жылы бұл бағытта 1,4 миллиард теңгеге 149 жоба жүзеге асырылған. Оның ішінде жергілікті бюджеттен 369 миллион теңге бөлініп, демеушілер есебінен 1 миллиард теңге тартылыпты.
Жиында ағымдағы жылдың жоспары да талқыланды. Облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисі арнайы коммуналдық мекемесін, «Ақпараттық талдамалық орталығын» ашу мәселелері талқыланып, облыстың 80 жылдығы, «Бірлік түбі – береке» қоғамдық форумын және тағы басқа шараларды өткізуге қатысты жоспарлар қайта пысықталды. Сонымен қатар, хаттамалық тапсырмалардың орындалуы, «ыстық нүктеге» енген өзекті мәселелердің шешілу деңгейі қаралды.
Асқар Исабекұлы қоғамдық-саяси ахуалды және халықтың наразылық көңіл күйін әлеуметтік зерделеу жүйесін барынша жетілдіру керектігін баса айтты. Сондай-ақ, өңір басшысы Жамбыл жерінің ерекшеліктерін айқындап көрсете білуде жан-жақты жұмыс жасап, өңірдің өзіндік келбетін қалыптастыру керектігін тілге тиек етті.