Облыста жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,6%-ға төмендеген

0 0

Өңір басшысы Асқар Мырзахметовке облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен өткен жылғы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Басқарма басшысы 2018 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысына сәйкес жастар арасындағы жұмыссыздық нәтижесі 1,6 пайызға төмендеп, 2,1 пайызды құрағанын жеткізді. Ал, Neet жастарының үлесі 8,1 пайызға төмендесе, жастардың мемлекеттік жастар саясатына қанағаттану деңгейі 77,8 пайызға артқан.

Сондай-ақ, былтыр 529 жас «Бизнес бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өтсе, оның 50-і ғана несиеге қол жеткізе алған. Ал жалпы несие алған жастардың саны – 180-ді құраған.

Асқар Исабекұлы жастардың несиеге аз қол жеткізу себептерін сұрады. Өңір басшысы жастар арасындағы ең басты мәселе жұмыссыздық екенін атап көрсетіп, оның шешу жолына барынша күш салуды, басқарманың негізгі міндеті де сол болу керектігін баса айтты. Кәсіппен айналысуға ниетті жастарды қолдау шараларының нақты жүйесін құруды тапсырды.

Жиында жастар арасындағы өзге де мәселелер қозғалды. Атап айтар болсақ, өткен жылы 6261 неке қиылса, 1648 неке бұзылған. Сондай-ақ, жалпы облыс бойынша 9804 қылмыс тіркелсе, оның 21,3 пайызы яғни 2094-і 18-29 жас аралығындағы жастарға тиесілі. Бұл 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда біршама төмен. Десек те, тіркелген қылмыс саны Т.Рысқұлов, Талас, Мойынқұм аудандарында арта түскен.

Аймақ басшысы қылмыс санының артуына жол берген аталған аудан әкімі орынбасарларынан жауап алып, жұмысты жүйелеуді жүктеді.

Сонымен қатар, есепті жиында еріктілердің қатысуымен тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық шараларын жүргізудің жоспары тағы бір нақытыланды. Асқар Исабекұлы бұл игі шараны уақыт созбай тезірек қолға алу керектігін баса айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.