Таразда биылдан бастап көшеде жарнама беру жаңа үлгіде жүргізіледі

0 0

Облыс орталығында жарнама ілу саясаты өзгеріске ұшырауда. Сәулет қала құрылысы бөлімі бір типті билбордтар бекітті, нәтижесінде 2019 жылы көшеде жарнама беру жаңа үлгіде жүргізіледі. Бұл туралы Тараз қаласы әкімі Ғалымжан Әбдірайымов халық алдында атқарылған жұмыстарға есеп беру жиынында мәлімдеді, — деп жазады «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

«Өздеріңізге белгілі, қазіргі уақытта қаланың келбетін қалыптастыру бағытында, біршама жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы сыртқы жарнамаларды ретке келтіру мақсатында қала көшелеріндегі 2001 жарнама құралдары алынса, 999 ескерту хаты беріліп, 5 әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл жұмыстар ары қарай өз жалғасын табатын болады», — деді шаһар басшысы.

Тағы бір жаңалық. Бүгінгі күнге қаланың бас жоспарына сәйкес құрылыстарды тиянақты жүргізу мәселесі, басты шарттардың бірі болып отыр.

Тараз қаласының 2025 жылға арналған дамуының бас жоспары 2010 жылдың 22 ақпанында бекітілген. Бүгінгі күнге, бас жоспардағы қайта жаңғыртылатын аумақтар 55,7%-ға егжей-тегжейлі жоспарлаумен қамтылған. Болашақта бас жоспарды толық орындау мақсатында жалпы 7 071,6 га құрайтын аумақтарды егжей-тегжейлі жоспарымен қамту қажет. Осы жұмыстар 2019-2021 жылдарға, яғни үш кезеңге бөлініп, үстіміздегі жылы 2 960,2 гектар аумақ егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларымен қамтылатын болады.

Келесі кезекте, қаладағы 13 765  гектар құрылысы жүргізілген аумақтарда инженерлік геодезиялық жұмыстарын жүргізу (7347 гектарына немесе 53,4%-на тиісті  геодезиялық жұмыстары жүргізілген). 2019 жылы 3085,8 гектар қала бюджеті және «Қала кадастр» кәсіпорыны есебінен топо түсіріліммен қамтылатын болады. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі.

«Құмшағал», «Шөлдала» тұрғын алқаптарының және олардың аумағында орналасқан 28 саяжайға «тұрғын алқап» мәртебесін беру мақсатында жалпы 1028 гектарға егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бекітіліп, саяжай тұрғындары жер бөліміне өтініштерін беруде.

Бұдан бөлек, «Тектұрмас» тарихи-мемориалдық кешенінің 59 гектарға, «Арай» тұрғын алқабының 241 гектарға және «Көлтоған», «Жиделі», «Қарасай», «Қызыл-Абад» тұрғын алқаптарының 556,3 гектарға егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары әзірленді.

«Сондай-ақ, қаламызда «қызыл сызық» ережесін бұзып, құрылыс жүргізген нысандарды анықтау жұмыстары қатаң бақылауда. 2018 жылы аталған нормаларға сай келмейтін 20 нысан анықталса, оның ішінде 5 нысан бойынша құжаттары соттың қарауына өткізілді.  Бір нысан бойынша (Желтоқсан көшесі 86 «А» мекен-жайындағы)  сот шешімімен бұзу басталды. Сонымен бірге 4 нысанның иелері өз еркінмен заң бұзушылықпен салынған ғимараттардың бөлігін бұзып тастаған (Төле би көшесі 20 «А», Жаңсүгіров көшесі 1, Әйтиев көшесі 32, Төле би 12 мекен-жайындағы). Бұл жұмыстар өз жалғасын табатын болады», — деді Ғалымжан Райылұлы.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.