Мойынқұмның агро саласы өткен жылы 4 394,9 млн. теңгенің өнімін өндірген

0 2

Мойынқұм ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерінің (қызметтерінің) жалпы шығарылымы 2018 жылғы қаңтар-желтоқсанда 4 394,9 млн. теңгені құрады. Оның ішінде мал шаруашылығы – 3 457,9 млн. теңге, өсімдік шаруашылығы — 933,7 млн. теңге болып қалыптасты. Бұл туралы ауданы әкімі Мәден Мұсаев өткен жылдың қорытындысы мен алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстар бойынша халық алдында берген есебінде айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Аудан басшысының есебіне облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Жүнісәліұлы Шүкеев, аудан әкімінің орынбасарлары, мәслихат хатшысы, халық қалаулылары, ауылдық ардагерлер кеңесі мүшелері, аудандық мекемелер мен ішкі істер органы өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.

Мәден Тоқтарбайұлы 2018 жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, қорытындылады. Өткен жылы ауданның жергілікті атқарушы органдарының жұмысы Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» және «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауларындағы көрсетілген міндеттер мен басымдықтарды жүзеге асыруға бағытталды.

Аудан пайдалы қазбалардың және жердің мол қорына ие болып отырғандықтан, өнеркәсіп саласы мен ауыл шаруашылығы саласы аудан экономикасында жетекші салаға айналып келетінін атап өтті. Сонымен қатар, аудан әкімі өнеркәсіп, инвестиция, кәсіпкерлік саласы, ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану, автомобиль және құрылыс саласы, білім беру, денсаулық және құрылыс саласы туралы кеңінен баяндап өтті.

Есепті жиын жарыс сөзге жазылған азаматтармен жалғасын тапты. Алдымен жарыс сөзге жазылған «Хан Тау» минералс ЖШС –нің директоры Самат Шүкібаев сөз алып, жаңадан ашылған алтын шығаратын компания туралы қысқаша баяндап беріп, аудан әкімінің есебіне оң бағасын берді. Келесі болып «Оргстрой» ЖШС-нің құрылтайшысы Серік Жанболатов сөз алды, ол «Оргстрой» ЖШС-і туралы өткен жылы атқарылған және алдағы атқарылатын жұмыстары жайлы баяндаса, Көкжелек ауылының тұрғыны Әскербек Нұрмайылов аудан әкімінің есебіне қанағаттанарлық баға беріп, ауыл тұрғындарын бірлікке шақырып егін шаруашылығын дамытуға ат салысуын сұранды.

Жиын барысында аудан тұрғындары өзекті мәселелерді ортаға салды. Құмөзек ауылының тұрғыны, Қарабөгет ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, Мойынқұм ауданының құрметті азаматы Байұзақ Саурықов өз сөз кезегінде ауыл тұрғындарын ауызбіршілікпен жұмыс жасауға шақырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.