Жамбылда биыл білім нысандары 100% бейнебақылау камераларымен жабдықталады. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының XXIV кезектен тыс конференциясында айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Конференция жұмысына партия Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Асқар Мырзахметов, қалалық және аудандық конференция жиындарынан сайланған делегаттар, партия белсенділері мен депутаттар қатысты.
Жиын барысында партияның кезекті XVIII съезіне делегаттар сайланды.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауының Жамбыл облысында іске асыру барысы туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков хабарлама жасады.
Жолдауға сәйкес, Жамбыл облысында 1 қаңтардан бастап, 42 мың теңгеден төмен жалақы алатын бюджеттік ұйымдардағы 39 626 қызметкердің және жеке кәсіпорындардағы 21 мың жұмыскердің жалақысы көтерілген. 2000-ға жуық кәсіпорында еңбек ететін 50 мыңға тарта адамның жалақысы орта есеппен 20% өскен.
Жолдаудағы тапсырманың бірі – білім нысандарын бейнебақылау құралдарымен қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жұмыс былтыр 97 % орындалса, биыл бұл көрсеткіш 100 пайызға жеткізілмек.
Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында: «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты», — деп атап өткен болатын.
Өткен жылдың аяғына дейін елімізде 8-16 жас аралығындағы оқушылар үшін 1000 мектепте ІТ сыныбы ашылып, онда жалпы саны 450 мың баланы оқыту жоспарланған болса, бүгінгі күнге дейін Жамбыл облысында 14 ІТ сынып, 1 ІТ-лицей ашылған. Бұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Күн тәртібіндегі екінші және үшінші мәселелер – «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы. Жасампаздық және әлеуметтік даму кезеңі» және партияның 2030 жылға дейінгі Бағдарламасы жобасының негізгі ережелері туралы партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов хабарлама жасады. Ол өз сөзінде партия 20 жылдық тарихында елімізде атқарылған қыруар істердің басы-қасында болып, 20 жылдық қалыптасу кезеңінде өзінің мықты құрылымдары мен берік стратегиялық мақсаттары арқасында еліміздегі ең беделді, ең ірі саяси күшке айналғанын атап өтті.
Е.Манжуов ағымдағы жылдың 27-ші ақпаны күні Астана қаласында өтетін «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVІІІ съезінде бұл бағдарлама қабылданатынын айтып, аталған маңызды партиялық құжат алдағы таяу 10 жылда еліміздің түрлі салада қарыштап алға қадам басуына зор ықпал ететініне сенім білдірді.
Конференция жұмысында партия облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Асқар Мырзахметов:
— Бүгінгі күнде Елбасы Жолдауы мен партия бағдарламаларын жүзеге асыруда облыста көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Алайда алда атқарылар жоспарлар мен тапсырмалар бар. Оны жүйелі әрі тиянақты орындау міндеті тұр. Осы мақсатта облыстық және аудандық филиалдардың жұмысын ширату мақсатында олардың қызметін бағалау ережелері бекітілді. Осылайша мониторинг жасалатын болады, — деді.
Партия Бағдарламасының жобасы – алдағы онжылдықтағы атқарар қызмет аясындағы өз мақсатын – әрбір қазақстандықтың өмір сүру деңгейін сапалы арттыру мен елімізді жүйелі жаңғыртуға батыл ықпал етуге бағыттап отыр.
Сонымен қатар, партия Бағдарламасы отбасыларды қолдауға, ата-аналарға қаржылай көмек көрсету деңгейін арттыру мен көпбалалы отбасыларға әлеуметтік қолдау жұмыстарын іске асыруға ықпал етуді басты басымдық қылып отырғанын айтты. Жалпы Жамбыл облысындағы бастауыш партия ұйымдарының әрбір жиналысында бұл бастама үлкен қолдауға ие болып, қуана қабылдауда. Конференция жұмысы барысында «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVІІІ Съезіне Жамбыл облысынан 70 делегат сайланды.
Партияның кезекті съезінде – «Нұр Отанның» өткен 20 жылда атқарған нәтижелі жұмыстары сараланып, алдағы биік межелер айқындалмақ.