Жамбыл өңірі үшін өткен жыл жемісті түйінделді деуге болады. Тыңдырылған тірлік, атқарылған шаруа аз емес. Алайда, алдағы жұмыс барысы одан да ауқымды. Аймақ басшысы Асқар Мырзахметов облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының нақты алғышарты ретінде жұмыс жүргізудің арнайы жүйесін қалыптастыруды ұсынған болатын. Бүгінде жыл қорытындысы қаралып жатқан түрлі деңгейдегі есепті жиындар соның бір айғағы, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтар болсақ, ағымдағы жылдың қаңтар айының ортасынан бастап облыс әкімдігінің салалық басқармалары өңір басшысына жеке-жеке есеп беріп, өткен жылдың негізгі көрсеткіштері туралы баяндады. Аталмыш есепті жиындарға басқармалардың тек басшылары ғана емес, аудан әкімдерінің тиісті орынбасарлары, бөлім қызметкерлері, сала мамандары да қатыстырылып, нәтижемен қатар, өзекті мәселелер де жан-жақты талқыланды. Түйінді түйіткілдерді оңынан тарқату үшін, нақты ұсыныс-шешімдер айтылып, сараланды.
Сондай-ақ, бұған дейін өңірдің барлық ауданы мен Тараз қаласының әкімдері халық алдында қорытынды есептерін беріп үлгерді. Меркі, Талас аудандары мен Тараз қаласында өткен есепті жиынға облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың өзі, қалғандарына орынбасарлары түгелдей қатысты.
Бұдан соң, өткен бейсенбі күні аймақ басшысының төрағалығымен облыс әкімдігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Онда мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларда бекітілген индикаторлық көрсеткіштердің, ҚР Премьер-Министрі мен облыс әкімі арасындағы, облыс әкімі мен қала, аудан әкімдері арасындағы келісімдердің орындалу барысы егжей-тегжейлі қаралды.
Облыс әкімінің орынбасарлары өздеріне қарасты басқармалар мен аудандардың өткен жылғы жұмыстарын бағалап, жұмысы сылбыр жауапты тұлғаларға тәртіпті шара қолдану бойынша өз ұсыныстарын білдірді. Асқар Исабекұлы барлық ұсыныстарды толығымен қолдап, жауапкершілік бар жерде жұмыс жемісті болатынын баса айтты.
Бүгін және ертең барлық аудан әкімдіктерінде де осы форматта алқа мәжілістері өтуде. Оған аудан әкімдіктері мен бөлім мамандары ғана емес ауылдық округ әкімдіктерінің қызметкерлері де қатысуда. Облыс әкімінің орынбасарларының төрағалығымен өтіп жатқан жиындарда облыс әкімі тарапынан берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуы қаралуда.
Айта кетейік, 2018 жылы аудандар мен Тараз қаласы әкімдеріне барлығы 1473 хаттамалық тапсырма берілген болса, оның 610-ы орындалған, 206-ы орындалмаған, 368-і орындалу үстінде. Ал, 28-і толық орындалмаған.