Облыста кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша 46 инвестициялық жоба іске асырылуда

0 12

Индустриялды-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы аясында және Кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша облыста жалпы құны 601,5 миллиард теңгені құрайтын 46 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Құрылыс жұмыстарына 7221 адам тартылса,  іске қосылғанда 6601 жаңа жұмыс орыны ашылады деп күтілуде. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Арнұр Мұхаметжанов айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Қаржыландыру тетігіне келетін болсақ, екінші деңгейлі банктердің ішінде «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамы 206 жобаға қаражат беру арқылы банктер ішінде көш басында келеді. Бүгінгі таңда банктер кепілдік сомасы 3,8 миллиард теңгені құрайтын 334 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың ішінде 249 жоба субсидиялау арқылы қолдау тапса, 22-сі  тек  кепілдікпен жұмыс істеуде.

Алдыңғы жылы өңірімізде 13 миллиард теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба іске асырылса, өткен жылы жалпы құны 10 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба іске асырылды, нәтижесінде 481 жаңа жұмыс орыны ашылған.  Биыл жалпы құны 31,1 миллиард теңгені құрайтын 8 инвестициялық жобаны іске асырылуы жоспарлануда. Бұл жобалар жүзеге асса 799 адам тұрақты жұмысқа орналаспақ.

2020 жылы жалпы құны 118 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық, 2021 жылы жалпы құны 403,7 миллиард теңгені құрайтын 4 инвестициялық жобаны іске асырылады деп күтілуде. Бұл жобалар іске асқан сәтте 1900 жаңа жұмыс орыны ашу көзделген.

Бүгінде өңірімізге сырттан көптеп инвесторлар тарту мәселесі күн тәртібіне өткір қойылып отыр. Бізде жер қойнауында ашылған пайдалы қазбалардың мол қоры бар. Мәселен, облыста фосфориттің 72, ал плавикошпаттың 80,6 пайыз шикізат  қорының бары анықталған. Бұл облысымызда химия өнеркәсібін, кен-металлургия кешенін, ауыл шаруашылығы және құрылыс материалдары индустриясын дамытуға кең жол ашады. Сондай-ақ өңірде химия саласын дамыту бағытында «Қазфосфат», «Еврохим-тыңайтқыш», «Тараз» химиялық паркі» және «Taraz hnvestment» ЖШС-лары жүйелі жұмыс істеуде.

Инвестицияларды тарту мақсатында «біртерезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету шеңберінде «Жамбыл облысының инвесторларына қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығы» құрылды. «Taraz Invest» инвестицияларды тарту жөніндегі жетекші агенттіктердің озық тәжірибесі негізінде Өңірлік даму институты ретінде әрекет етеді.

2017 жылдан бастап «TarazInvest» облыс аумағында жаңа жобаларды іске асыру бойынша шетелдік және отандық инвесторлармен 300-ден астам жеке кездесулер өткізілді. 30-дан астам жоба сүйемелдеумен алынды. Өткен жылы 40,3 миллиард теңгені құрайтын 15 жоба іске асырылды. Оның ішінде «Комбайн Сази Иран» Иран компаниясының қатысуымен 480 миллион теңгенің астық жинау комбайндарын құрастыру қолға алынды.

Биыл және 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында 114,5 миллиард теңгеге құрайтын 22 жобаны пайдалануға беру жоспарлануда. Оның ішінде 3 жоба шетелдік инвесторлардың  қатысуымен жүзеге асырылмақ. Биыл 17,2 миллиард теңгені құрайтын 10 жоба бір мәнді пайдалануға берілетін болады, қалған 12 жоба 2020 жылдың басына беріледі деп күтілуде.

Инвестиция тарту және «Taraz Invest» инвестициялық климатын жақсарту мақсатында Шымкент және Алматы қаласында «Роуд-Шоу» іс-шаралары өткізілді. Сонымен қатар, 2018 жылдың мамыр айында Жамбыл облысының инвестициялық порталын әзірлеу жұмыстары аяқталды, онда аймақ, геосаяси жағдай, негізгі капиталға инвестициялар, екінші деңгейдегі банктер, экономиканың перспективалы салалары және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша ақпарат бар. Инвестиция тарту мұнымен тоқтап қалмақ емес. Осы инвестицияларды жүзеге асрудың арқасында облыс экономикасы еселеп артып, жұмыссыздар саны біршама азаяды деген сенімдеміз.

Бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы жүзеге аса бастаған сәттен бастап облысымызда 98,9 миллиард теңгенің  1355 инвестициялық жобасы іске асырылыпты. Оның ішінде, бағдарламаның бірінші және екінші бағытындағы «Пайыздық баға мөлшерлемесін субсидиялау» тетігі бойынша  83,1 миллиард теңгенің 873 жобасы іске қосылған.

Айта кетейік, елімізде экономиканы өркендетудің негізі саналатын шағын және орта бизнес нығайып келеді. Бүгінде дүниежүзілік Банктің бизнес жүргізу жеңілдігі рейтінгісінде Қазақстан 190 елдің ішінде 36-шы орынға көтерілді. Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында бизнес өкілдеріне шағын несие беру аясын кеңейту, жеке инвестицияны ынталандыру, нарық еркіндігін қолдай отырып отандық өнім өндірісін дамыту, бір сөзбен айтқанда Үкіметке жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан ірі жетілдіруді тапсырған-ды.

Біздің жақын болашаққа қойып отырған стратегиялық мақсатымыз – 2050 жылға қарай әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Индустриалды – инновациялық даму – заманауи нарық талабының сұранысына сәйкес қанағаттандыратын жаңа технологиялар мен техникаға, ғылыми ізденістер мен жаңашылдыққа негізделген  экономикалық өсудің  негізі болып табылады. Жыл санап облыста жаңа өнеркәсіптік өндірістер іске қосылып, аймақ индустриалды-аграрлық өңірге айналып келеді.

Елбасы Жолдауында: «Біз 2010 жылдың өзінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске қостық. Өңірлерге жұмыс сапарым барысында мұның тиімділігіне көз жеткіздім. Бағдарламаның қолдану мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керек. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді қарастыру қажет» екенін баса айтқан-ды. Мемлекет басшысының бұл бастамасы құптарлық. Өйткені, бұл бағдарламаның тың жобаларды жүзеге асыруда тигізер мүмкіншілігі мол болмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.