Тараз қаласындағы №41 гимназияда «қауіпсіз мектеп» жобасы іске асырылды. Бұл жүйе білім мекемесіне бөгде адамдардың еркін енуіне жол бермейді. Сондай-ақ электронды құрылғы оқушылар мен мұғалімдердің сабаққа қатысуы, келу және кетуін қадағалауға мүмкіндік береді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Аталған жоба аясында білім ордасына төрт турникет орнатылды. Гимназияның барлық оқушылары мен ұстаздарының жеке сәйкестендіру нөмірі дерекқорына енгізіліп, оларға чип орнатылған карталар берілген. Олар карталардың көмегімен турникет арқылы ішке кіреді. Осы арқылы оқушының сабақта болғаны немесе болмағаны тексеріліп, келіп кеткен уақыты компьютерге тіркеледі.
«Біз баланың мектепке қашан кіргенін және оның қашан шыққанын барлығын бақылап отырамыз. Мысалы, сынып жетекшілері өз ауысымындағы оқушыларын сабақ саны қанша болғанына қарамастан үйлеріне шығарып салып кету керек. Сол мәселені де әкімшілікке қадағалауға өте ыңғайлы», — дейді аталмыш гимназия директорының орынбасары Гүлнәз Өмірқұлова.
Айта кетейік, бұл өз кезегінде мектепте тәртіпті күшейтіп, білім сапасының артуына оң әсерін тигізуі керек. Сондай-ақ өңірде «Қауіпсіз колледж» жобасы бойынша 5 білім ордасына турникеттер орнатылып, ата-аналар үшін арнайы мобильді қосымша жасалуда.