Таласта тындырылған тірлік аз емес

0 6

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауы қазақстандықтардың өмір сүру сапасын барынша арттыруды көздейтін ауқымды міндеттерден тұрады. Бұл-Қазақстанның табысты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламалық құжат. Бүгінде онда аталған тиісті тапсырмаларды жүзеге асырудың нәтижесінде ел өмірінің барлық саласында жүйелі жұмыстар жолға қойылды. Аймақтардың тірлігі түзеліп, бағыты айқындалды.

Жалпы, өткен жыл Талас ауданы үшін табыссыз болған жоқ. Агроөндірістік кешеніндегі жаңашылдық ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға да өз септігін тигізді. Аудан бойынша өндірілген өнімнің және қызметтердің көлемі 36 млрд. 67 млн. теңгені құрап, 106,1 пайызға орындалса, өнеркәсіп өнімдері 18 млрд. 363 млн. 500 мың теңгеге өндіріліп, 4 млрд. 46 млн. 700 мың теңгеге артты.

Индустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында 18 млрд. 211 млн. 700 мың теңгені құрайтын 3 ірі инвестициялық жоба іске асырылды. Олар жылына 15 мың тонна натрий цианидін шығаратын «Talas Investment Company» ЖШС, жылына 300 мың тонна цемент өндіруге қауқарлы «Жамбыл-Недр» ЖШС және 110 мың тонна мәрмәр тасын шығаратын «Қаратау-Про» ЖШС.

Бұдан бөлек, қазіргі таңда ауданда 5 инвестициялық жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тоқтала кететін болсақ, қуаттылығы 4,5 мВт құрайтын жел электр энергиясын өндіру мақсатында «Wind Power city» және «Wind Electricity» ЖШС-не аудандағы индустриялық аймақ санататын Қызыләуіт ауылынан әрқайсысына 21 гектар жер учаскесі бөлініп берілді. Сонымен қатар, «Азмина-Мрамор», «Атамекен Мрамор Көктал» ЖШС  іске қосылып, өз өнімдерін ұсына бастады. Бұдан бөлек, алдағы уақытта «Амангелді Газ» ЖШС-нің «Айрақты» кен орнында ұңғымалар ашылады деп күтілуде.

Бұл жерде «Жамбыл-Недр» ЖШС-нің  жұмысын толық автоматтандыру және цементтің сапасын арттыру мақсатында қосымша цех құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде ауданға 1 млрд. 750 млн. теңге инвестиция тартылатын болады.

Ел экономикасының негізгі драйверлерінің бірі-ауыл шаруашылығы. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларды тиімді мақсатқа жаратқан шаруа қожалықтары ет экспорты бойынша берілген жоспарды ойдағыдай орындап шықты.

Қаратау қаласында сонау 90-шы жылдарғы аумалы кезеңде қоныс аударған тұрғындардан қалған көпқабатты үйлердің мәселесі де ретімен шешіліп келеді. Тек өткен жылдың өзінде «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында 3-ші және 5-ші мөлтек ауданындағы 6 үйді қайта жаңғыртуға қаражат бөлініп, жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде пәтер кезегінде тұрған 440 отбасы баспаналы болады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған Жолдауында ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Бұл орайда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Тұрымқұл және Сейілбек елді мекендерінде 5 келушіге арналған медициналық пунктер соғылып, жаңа ғимарат елдің игілігіне берілді.

Бұл бағытта мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында Арал және Қайыр ауылдарында 5 келушіге арналған медициналық пункттерді соғу жоспарымызда бар.

2018 жылдың өзінде 11 жас дәрігер маман қызметке орналасты. Оның ішінде 4 түлекке «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында көтерме жәрдемақы берілсе, 9 жас қызметтік пәтермен қамтамасыз етілді.

Сондай-ақ, жаңа оқу жылында Қасқабұлақ ауылында 120 орындық мектеп пайдалануға берілді. Осымен аймақта апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі толық шешілді.

«2016 жылы мектепке дейінгі жастағы балалардың 80 пайызы, 2020 жылға дейін 100 пайыз балабақшамен қамтамасыз етілсін». Бұл-Мемлекет басшысының тапсырмасы. Міндетті межені іске асыру бағытында жұмыстар атқарылу үстінде. Айталық, 2018 жылы Қаратау қаласында 4 жекеменшік балабақша ашылып, бүлдіршіндерді қабылдады. Сонымен қатар, ағымдағы жылы 2 жекеменшік балабақша ашу күн тәртібінде тұр.

Қаратау қаласында ұзақ жылдан бері шешімін күткен жолаушыларды тасымалдауға қажетті қоғамдық көлікті жүргізу мәселесін ұйымдастыру нәтижесінде өткен жылдың сәуір айынан бастап 2 бағытта  №1, №3 автобустар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Биыл  3 –ші бағытты қосу жоспарлануда.

Аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу күн тәртібінен түскен емес. Биыл да бұл салаға барынша мән беріп отырмыз. Соның нәтижесінде 32 шақырым автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстарына 501 млн. 673 мың теңге бөлініп отыр.

Қазақтың қарашаңырағы саналатын ауылды жандандыру-бұл тек аграрлық өндіріске ықпал етіп қана қоймай, сонымен қатар ауыл халқының тіршілігін қамтамасыз ету деңгейін анықтайтын проблемалар кешенін шешу. Сондықтан, бұл мәселе де күн тәртібінен түскен емес.

Бүгінде Қызыләуіт ауылына су жүйесін тарту жұмыстары жүргізіліп, өткен жылдың соңында пайдалануға берілсе, Есейхан ауылындағы өткен жылы басталған өтпелі нысанның құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде.

Аймақтағы 24 елді мекен ішінен Қаратау қаласы мен 14 ауылдық округіне көгілдір отын жеткізілген.

Болашақта Талас ауданының Бөлтірік шешен, Көшек батыр, Үшарал, Арал және Қайыр, Сарысу ауданының Әбілдә, Тоғызкент, Майлыкөл және Досбол сынды елді мекендеріне тартылатын газ құбырын аяқтау жұмыстарына 220 млн. 840 мың теңге қарастырылып, қазіргі таңда жұмыстар жүргізіліп жатыр.

 Осы саладағы жұмыстарға 2017 жылы 2 млрд 99 млн. 856 мың теңге және 2018 жылы 2 млрд. 344 млн. 588 мың теңге бөлінгенін айта кеткен орынды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы талай игі бастамалардың іске асуына негіз болды. Атап айтсақ, ел ішіндегі қолы ашық, жаны жомарт азаматтардың қолдауымен Ақкөл ауылында «Бақ құсы» монументі, «Күрес» кешені, Ойық ауылында «Бөлтірік шешен» кесенесінің айналасын абаттандыру жұмыстары, Қаратау қаласының орталығында ауданның Құрметті азаматтарына арналған стелла, Үшарал ауылында «Шегебай батыр» кесенесі ашылды. Сондай-ақ, Кеңес ауылдық округінде тозығы жеткен көпір қайта қалпына келтірілді.

Алға тартып отырғанымыз ел ішіндегі атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана. Алайда, шаруа мұнымен шектеліп қалмақ емес, алдымызда кезек күттірмейтін қыруар міндеттер бар. Елбасы бастамасымен бүгінде халықтың әлеуметтік көңіл-күйін айқындайтын негізгі салаларда теңдесіз шаралар ұсынылып отыр. Оны жүзеге асыру- барлығымызға ортақ жауапкершілік.

Елбасы бір сөзінде: «Бүгінде әр қазақстандық өзді-өзінен елімізге жақсы болып, біздің Отанымыздың дәулеті артуы үшін мен не істедім деп сұрауы керек. Егер әр азамат осылай пайымдайтын болса, бүкіл еліміз өзінің дамуына қарқын қосарына менің сенімім мол»,-деген болатын.

Артылған міндетімізге адал болсақ, алдымызда алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды.

Досмаханбет Алиев,

Талас ауданының әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.