Жамбыл облысында жастар жылында жағымды жаңалықтар көп болмақ. Осы орайда, бүгін өңірлік кәсіпкерлер Палатасы аймақтағы кәсіппен айналысып жүрген және айналысуға ынтасы бар жас буынның басын біріктіріп, мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары туралы толық түсінік берді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырысқа «Нұр Отан» партиясы, «Жас Отан» жастар қанаты, «Даму» қоры, Жастар Кеңесінің Төрайымы, Кәсіпкерлік басқармасы мен Екінші деңгейлі банк басшылары қатысып, кездесуге келген 30-ға жуық жас кәсіпкерге шағын несие алу, олардың пайыздық мөлшерлері мен мүмкіндіктерін атап өтті.
Ел ауқымында кең етек жайған бағдарлама — «Бастау» жобасы, бағдарламаның компоненті «Бизнес кеңесші», «Жас кәсіпкерлер мектебі» жобалары туралы Кәсіпкерлер палатасының бизнес-бапкерлері ақпараттандырып, бизнес негіздеріне оқуға шақырды. Жастардың назарына өз замандастары жүзеге асырған жобаларды таныстырды.
Кездесу соңында жастар кәсіп ашуда және жүргізуде тап болған кедергілерімен бөлісіп, қаржы арналарының басшылары тікелей сұрақтар қоя алды. Өз кезегінде, Жамбыл облысының кәсіпкерлер Палатасы кәсіпкерлік бастамасы бар жастардың сауалдарына жауап беріп, тегін оқыту және бизнес-жоспар әзірлеуге, қаржы көздеріне қол жеткізуге, немесе мемлекеттік грант байқауына қатысуға сүйемелдеуге көмектесетін жеткізді.