Қазіргі таңда Жамбыл облысы бойынша 428 мектепте 5000 дана камера орнатылған. Олардың 33%-ы мектеп сыртында, 67%-ы ішінде орналасқан. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Ал, Тараз қаласы бойынша білім бөліміне қарасты 60 мектеп жұмыс атқарады. Камераларды орнату 2010-2013 жылдары қолға алынған. Содан бері заманауи құрылғы тәртіпті түзеуге өз септігін тигізіп келеді.
Уәлихан БАЙДУАНОВ, Тараз қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:
— 2018 жылы 16 мектепте жергілікті бюджет есебінен қаражат қарастырылып, қосымша бейнебақылаулар орнатылды. Сондай-ақ, ол бейнебақылаудың сақтау мерзімі ұзартылды. Биылғы жылы тағы да жергілікті бюджет есебінен қаражат қарастырылып, нәтижесінде 16 мектепке бейнебақылау камералары орнатылатын болады.
Бейнежазбаларды мектеп директоры мен арнайы мамандар қарап отырады. Сондай-ақ, мұндағы бейнебақылау тек оқушылардың қауіпсіздігін ғана емес, олардың арасындағы жүгенсіздіктің алдын алуға көмегін тигізуде. Сонымен қатар, бейнежазбаларға ата-аналардың да қолы жетімді. Енді оларға балалары үшін алаңдауға еш негіз жоқ.
Айта кетейік, былтырдан бастап бастап бұрынғы бейнебақылаулар қайта жаңартылып жатыр. Оған жергілікті бюджет есебінен қаржы бөлінуде. Және бір нысанды жабдықтау үшін кемінде 2 миллион теңге жұмсалатын көрінеді.
Әлішер ӘЗІМБАЙ, Мектеп директоры:
— Бейнебақылау камераларын орнату арқылы бір жағынан өзіміздің жұмысымызды жеңілдетсек, екінші жағынан құқық бұзушылық жағынан да біраз жұмысты қолға алып жатқанымызды айтуға болады. Сонымен бірге, камераларға арнайы мамандарды бекіткенбіз.
Дереккөз: Jambyl tv