«7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері 2019 жылғы 21 ақпандағы жағдай бойынша Жамбыл облысының серіктес банктері 1,05 млрд. теңге сомасына 128 өтінім қабылдады. Олардың ішінде 563,3 млн. теңге шамасына 66 өтінім мақұлданды және 485,8 млн. теңге сомасына 57 кредит берілді. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында ҚР Ұлттық банкінің» Жамбыл филиалының директоры Евгений Шарыгин, Банк ЦентрКредит АҚ Тараз қаласындағы филиалының директоры Бекдауыл Иптилдаевтың қатысуымен өткен брфингте айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Спикерлердің сөзінше, бағдарламаның талаптарын кеңінен түсіндіру үшін қаланың және облыстың аумағында билбордар, баннерлер орналастырылды, LED экрандарда және шағын мониторларда «7-20-25» бағдарламасы бойынша бейнероликтер көрсетілді.
Бұдан басқа, Тараз қаласында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ғимаратының 1 қабатында «7-20-25» бағдарламасы бойынша ақпараттық орталық ашылды. Бұл жерде серіктес банктерден бағдарлама шеңберінде тұрғын үй алу бойынша кеңес алуға болады. Сонымен қатар, аталған орталықта «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Арай ықшам ауданында және «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 15 ықшам ауданда тұрғызылған үйлерді өткізуді ұсынатын Тараз қ. Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы өкілдері бар.
«7-20-25» бағдарламасы халыққа 7% тарихи төмен мөлшерлеме бойынша, кредиттелетін тұрғын үй құнының 20% мөлшерінде бастапқы жарна, сондай-ақ 25 жылға дейін кредит мерзімімен ипотекалық кредит алудың теңдессіз шарттарын ұсынады. Бағдарламаға меншік құқығында баспанасы және де ипотекалық қарыздары жоқ Қазақстанның әрбір азаматы қатыса алады. Бағдарламаның қатысушысының кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен тұрақты расталған кірісі болуы қажет.
Сонымен қатар, тұрғын үй сатып алу үшін Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалалары үшін бағаның ең жоғары шегі 25 миллион теңге, ал қалған өңірлер үшін (оның ішінде Жамбыл облысы үшін) — 15 млн теңге деп белгіленді.
Айта кетейік, Жамбыл облысында бүгінгі күнге 7 банктің филиалы белсенді, олар – ЦентрКредитБанк, АТФ банк, Қазақстан Халық Банкі, Цесна банк, Еуразиялық банк, ForteBank және Жинақ банкі филиалдары.