Бүгін таңғы сағат 06-21-де Тараз қаласы 9 ықшам ауданындағы 62-ші үйде жарылыс орын алып, көпқабатты үйдің бір бөлігінің 1-3 қабаттары құлады. Анықталған мәліметтер бойынша оқыс оқиға 2-ші қабаттағы 49-шы пәтерде болған. Алдын-ала болжам бойынша, жарылыс газ жабдықтарын абайсыз пайдаланудан орын алған. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Айта кету керек, осы төтенше жағдай туралы ҚР Премьер-Министрі А.Ұ. Мамин шұғыл түрде Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевқа баяндаған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ж. Қасымбектің төрағалығымен үкімет комиссиясы құрылды. Комиссия мүшелері мен Астана қаласында іссапарда жүрген облыс әкімі Асқар Мырзахметов Тараз қаласына шұғыл ұшып келіп, оқиға орнына барды. Болған-жағдаймен жан-жақты танысып, жапа шеккендердің хал-жағдайын біліп, қаза болғандардың жақындарына көңіл айтты.
Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ж. Қасымбектің төрағалығымен Комиссия отырысы өтіп, оқиғаның себептері мен салдары жан-жақты талқыланды. Ж. Қасымбек орын алған жағдайды жан-жақты зерделей келе нақты қорытынды шығару қажеттігін және қажет болса арнайы мамандарды басқа қаладан алдыру керектігін баса айтты. Барлық зардап шеккен тұрғындарға жеке-жеке хабарласып, психологиялық және медициналық көмек көрсетіп, уақытша орналасатын пәтерлермен қамтамасыз ету керектігін тапсырды.
Сонымен қатар ішкі істер департаментінің басшысына қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындардың дүние мүліктері қолды болып кетпеуді, ондағы күзету жұмыстарын күшейту керектігін айтты.
Штаб жұмысын өткізген Комиссия тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді.
Айта кетерлігі, қайтыс болған тұрғындардың отбасыларына қала әкімдігінің тарапынан 1 миллион теңгеден қаржылай көмек берілетін болады.
Ал комиссия отырысынан кейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ж. Қасымбекпен облыс әкімі А.Мырзахметов ауруханада жатқан тұрғындардың жағдайын білді.
Еске сала кетейік, оқиға байланысты ҚР ІІМ ТЖК облыстық департаментінің күшімен қажетті мамандар мен техника саны жұмылдырылды. Үйдің барлық тұрғындары толығымен қауіпсіз орынға көшірілді. 8 адам зардап шегіп, өкінішке орай, оның 3-уі қаза тапқан.
Қазіргі кезде облыс әкімдігінің қолдауымен зардап шегушілерге барлық қажетті көмектер көрсетілуде. Атап айтар болсақ, апат болған үйдің 100-ден астам тұрғындарына №47 мектепте ыстық тамақ беріліп, психологиялық-медициналық көмектер көрсетілуде. Сондай-ақ, зардап шегушілер қаладағы № 13 «Бәйтерек» мөлтек ауданындағы көпқабатты үйдегі подъездегі бос пәтерлерге уақытша орналастырылуда. Олардың жағдайы тұрақты бақылауда болады.
Төтенше жағдайға бойланысты облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтың төрағалығымен арнайы облыстық жедел штаб құрылды. Сондай-ақ, +7- 7262 — 513575 нөмірі бойынша жедел желі жұмыс істеуде.
Бүгінде Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың өкімімен нысандық төтенше жағдай жарияланды. Жалпы бұл бағытта алдын-ала сақтық шаралары ретінде жыл басында қала бюджетінен 91,5 миллион теңге қарастылған. Аталған оқиға байланысты нақты шығындарға талдаулар жүргізілетін болады. Қажет болған жағдайда, облыстық қазынадан да қаржы бөлінбек.