Өңірде «Бизнестің Жол Картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Осы орайда, Меркіде аудан әкімі Мейірхан Өмірбековтың төрағалығымен «Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатындағы мемлекеттік қолдаулар туралы» тақырыбында семинар-кеңес өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпарат Агенттігі.
Кездесуде, шағын және орта кәсіпкерлікті несиелендіру мақсатында көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар және кәсіпкерлікті қаржыландыруда қаржы ұйымдары тарапынан кәсіпкерлерге берілетін көмектер жайлы талқыланатындығын айтқан аудан басшысы сөз кезегін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ-ның Жамбыл облысы филиалының менеджері Мұхан Есентайұлына берді.
Оның айтуынша, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қазіргі таңда, еліміздегі екінші деңгейдегі банктермен бірлесе жұмыс істеп, оларды несиелеу арқылы кәсіпкерлерге әртүрлі бағыттарда қаржылай қолдау көрсетеді.
— Белгілі бір кәсіппен айналысу мақсатында кез келген екінші деңгейлі банктен несие алушы кәсіпкерлерге 14 пайыздық мөлшерлемемен несие беріліп, оның 7 пайызы аталған қордың тарапынан субсидияланады. Бұл жерде, берілетін несиенің сомасы банкке қойылатын кепілдің бағасына тікелей байланысты болады. Және жаңадан кәсібін ашып жатқан кәсіпкерлерге 20 млн. теңгеге дейін кепілдендіру жүріп жатыр. Мысалы, кәсіпкер 40 млн. теңге несие алса, оның банкке қойған кепілі сол бағаға жетпеген жағдайда, жалпы соманың 50 пайызына, яғни, 20 млн. теңгесіне аталған қор кепілгер болады, — деді филиал менеджері.
Сонымен қатар, Мұхан Есентайұлы «Береке» бағдарламасы аясында да 50 млн. теңгеге дейін, 7 жылға 8,5 пайыз мөлшерлемесімен несие берілетінін айтып өтті. Бірақ, бұл бағдарламада пайыздық мөлшерлеме төмен болғандықтан, субсидиялау қарастырылмаған.
Жиын соңында, кәсіпкерлер әртүрлі мәселелер бойынша өздерін толғандырған сұрақтарына тиісті жауаптарын алды.