Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметов Тараз қаласындағы көпқабатты үйде орын алған жарылыстан қайтыс болған Бексұлтан Темірханұлының Жамбыл ауданында тұратын отбасына арнайы барып көңіл айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаназаға қатысқан Асқар Исабекұлы марқұмның ата-анасы, туған-туыстары мен бауырларына жолығып, қайғылы жағдай барша қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырғанын жеткізіп, қазаның арты қайырлы болуын тіледі.
Еске сала кетсек, кеше таңғы сағат 06:21-де Тараз қаласы №9 «Мыңбұлақ» ықшам ауданындағы 62-ші үйде жарылыс орын алып, салдарынан сегіз адам жапа шегіп, оның үшеуі қаза тапқан болатын.
Айта кету керек, қазіргі кезде облыс әкімдігінің қолдауымен зардап шегушілерге барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Атап айтар болсақ, апат болған үйдің 100-ден астам тұрғынына №47 мектепте ыстық тамақ беріліп, психологиялық-медициналық көмектер көрсетілуде.
Сондай-ақ, зардап шегушілер қаладағы № 13 «Бәйтерек» мөлтек ауданындағы көпқабатты үйдегі бір подъездегі бос пәтерлерге уақытша орналастырылды. Олардың жағдайы тұрақты бақылауда болады.
Бұған қоса, қаза болғандардың отбасына 1 миллион теңгеден ақшалай көмек берілді. Қазіргі таңда, оқиғаға байланысты құрылған арнайы комиссия зерттеп-зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Барлық шығындар анықталған соң, жапа шеккендерге толығымен қажетті көмектер көрсетілетін болады.