Төрт баласы бар отбасының бір айлық жалпы табысы 114 мың 448 теңгеге жетеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев көпбалалы отбасылардағы әр балаға 20 789 теңге қашаннан бастап төленетінін мәлімдеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
«Мәселен, төрт баласы бар жалғызбасты отбасын алайық. 1 шілдеге дейін 63 мың теңге атаулы әлеуметтік көмекті алатын болса, шілдеден бастап 40 мың теңгеге көбейіп, 103 мың 945 теңгеге дейін жетеді. Ал қосымша төлемдерді есептеген кезде, бұл отбасының бір айлық жалпы табысы 114 мың 448 теңгені құрайды», — деді жаңа министр үкімет отырысында.
Сонымен қатар, шілдеден бастап отбасының жиынтық табысын есептеген кезде, көпбалалы отбасыларға, «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегерлеріне, мүгедек балаларға төленетін жәрдемақылар мен шәкіртақы есепке алынбайды.
«Бұған қоса, тұрмысы төмен отбасының балаларына берілетін жәрдемақы мөлшері де өзгереді. Егер 1 шілдеге дейін ол 4 мың 834 теңге болса, 1 шілдеден бастап әр балаға 20 789 теңге төленеді. Бұл жәрдемақы 18 жасқа дейін, егер балалар жоғары оқу орындарында оқитын болса, 23 жасқа дейін төленеді», — деді Сапарбаев.
Сондай-ақ, министр әлеуметтік көмекті тағайындаған кезде, халықты бекерден бекер сандалтпас үшін сұралатын құжаттар саны азаятынын атап өтті.
Оның айтуынша, өңірлердегі отбасылардың қажеттілігін, тұрмысын анықтау үшін әлеуметтік карталар жасалады. Осылайша, әр отбасыға талдау жасалып, ең мұқтаждарына мемлекеттен көмек көрсетіледі.