Өңірдегі сауда базарлары қайта жаңғыртылады

0 7

Өңірдегі сауда базарларын қайта жаңартудан және жаңғыртудан өткізіп, біртіндеп заманауи стационарлы сауда кешендеріне айналдыру жұмыстары ұйымдастырылып жатыр. Ол үшін қазіргі кезде облыс әкімдігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Бүгінде осы жұмыс тобы сауда базарларының қазіргі жай-күйіне талдау жүргізіп, базар басшылығымен бірлесе отырып, жаңарту мүмкіндігі және қажетті қаражат мәселелерін зерделеумен айналысуда. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында өткен брифинге облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды – инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары  Талғат Шалдарбеков мәлімдеді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» Ақпараттық Агенттігі.

Талғат Базарбайұлы атап көрсеткендей, қазіргі таңда 10 сауда базарының басшылығымен 2025 жылға дейін сауда нысанын жаңартудан өткізу бойынша келісім жасалынды. Осы мақсатқа жалпы 2,3 млрд. теңге жеке инвестиция тартылатын болады.

Бұған қосымша бейберекет сауданы болдырмау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Жергілікті әкімдіктердің қызметкерлері полиция органдарымен бірлесе отырып, тұрақты түрде рейдтерге шығады. Өткен жылы тек Тараз қаласында 1990 тұлғаға қатысты заңсыз сауда жасағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, 40-на 361,8 мың теңгеге айыппұл салынды. Қалғандарына ескерту берілді.                      

Сонымен бірге, Тараз қаласының архитектуралық көркін бұзып тұрған жеңіл конструкциялардан соғылған түрлі дүңгіршектерді бір қалыпқа келтіру бойынша жұмыстар атқарылуда. Осы мақсатта «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы «100 орын – көше саудасы» жобасы шеңберінде алдын-ала келісілген бір типтегі эскиз бойынша сауда орнын ашуға 25 кәсіпкерге қала аумағынан арнайы жер телімдерін бөліп, бүгінде бұл дүңгіршектер өз жұмысын бастады. Қалған 25-і бойынша конкурс рәсімі өткізілуде. Бұған қосымша биылғы жылы тағы 50 орынға конкурс жарияланады.

Сондай-ақ, бұрыннан жұмыс істеп тұрған қала аумағындағы жеңіл дүңгіршектер де бір типке келтірілетін болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.