Жуырда облыс әкімінің орынбасарларының, аудан, қала және ауылдық округ әкімдерінің жұмыс тиімділігін арттыру алгоритмі бекітілмек. Бұл туралы бүгін өңір басшысы Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Асқар Исабекұлы мұндай жүйені қалыптастыруды өткен жылдан бері көтеріп келе жатқаны белгілі. Яғни, облыс әкімінің орынбасарларынан бастап аудан, қала және ауылдық округ әкімдері де өз жұмысының нәтижелігін көтеру қажет. Қойылып отырған басты талап – осы.
Айта кету керек, бұл Мемлекет басшысының Астанадағы «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде жариялаған «Бақуатты қоғам: он-жылдықтың 10 мақсаты» атты бағдарламасындағы міндеттердің орындалуымен де үндесетіні сөзсіз. Елбасы айтқандай барлық деңгейдегі әкімдердің халыққа жақын болып, әлеуметтік проблемаларды табандылықпен шешу, жалған көрсеткіштен аулақ болу секілді талаптар өңір басшысының өкімімен бекітелетін алгоритмде жан-жақты қамтылмақ.
Жаңа жүйе бойынша облыс әкімінің орынбасарлары айына бір рет ауданға шығып, өз салаларына қатысты алқалы жиын өткізіп, тұрғындарды қабылдайтын болады. Тиісінше, мәселесі туындап отырған нысандарға да ат басын тіремек. Ауданда өткен алқалы мәжілісте салалалық басқарма басшылары өз бағыттары бойынша баяндама жасаса, облыс әкімі аппаратының инспекторлары жүргізілген талдау қорытындысы бойынша кездесіп отырған түйінді түйіткілдерге тоқталмақ. Облыс әкімінің орынбасары жиында қаралған мәселелер бойынша қорытынды шығарып, бағасын беріп, нақты шешім қабылдауы қажет. Ай сайын мониторинг жүргізіп, тоқсан сайын селектрлік режимде қорытынды жиын өткізіп, сала өкілдерімен тұрақты кездесіп тұруы да негізге алынбақ. Ол ғана емес, облыс әкімінің орынбасарлары алдағы уақытта тоқсан сайын ӨКҚ алаңында брифингке шығып, жергілікті телеарна арқылы «әкімдік сағатына» қатысуы да жолға қойылады.
Сондай-ақ, аудан мен ауылдық округ әкімдерінің жұмыс істеу жүйесі де аталған алгоритмде нақты көрсетілетін болады. Айталық, аудан әкімі жыл бойы өз аймағындағы барлық елді мекендерді аралап, халықпен кездесулер өткізіп, олардың тілек-өтініштері мен ұсыныстарына құлақ аспақ. Өзара индикаторлық көрсеткіштердің орындалуына шолу жасап, жұмыстың қорытындысына сәйкес шешім шығаруға міндеттеледі. Өз кезегінде ауыл әкімдерінің де жауапкершілігі артуы тиіс. Олар елді мекен аумағындағы жерлердің тиімді пайдалануы, әлеуметтік мәселелердің нақты шешілуі, шаруа қожалықтарының жай-күйіне жіті қанық болуы секілді көптеген міндеттерді арқаламақ.
Асқар Исабекұлы бекітелетін алгоритм бойынша өтетін кездесулер мен жиындардың нақты формасы болу керектігін ескертіп, олардың бәрі жәй қағаздағы есеп үшін емес шынайы жұмыс көрсеткішін арттыруға негізделетінін баса айтты. Сол арқылы жұмыс қорытындысы бағаланып, жауапты тұлғалардың өз деңгейінде нақты шешімдер шығаруы талап етілмек. Өңір басшысы алгоритмді уақыт созбай бекіту үшін тиісті тұлғаларға дайындық шараларын аяқтауға үш күн уақыт берді.