Оразаның денсаулыққа он пайдасы

0 7

Әне-міне дегенше он екі айдың сұлтаны — Рамазан да келіп қалады. Бұл айда күннің аптабына, жұмыстың қаптауына қарамастан біршамамыз ауыз бекітіп, Алла алдындағы парызымызды өтеуге кірісеміз.

Жаратушы Иеміз бір істі құлдарына парыз етсе, онда ол нәрседе пенде үшін қос дүниеде де пайда болары сөзсіз. Ораза да осылай. Оның қасиеттері, шарапаты туралы, сондай-ақ, ауыз бекітушінің шексіз сауаптарға кенелетіні жайлы Құран аяттары мен Пайғамбар (с.а.с) хадистерінен оқып, имамдар ауыздарынан естіп жүрміз.

Бұл – оразаның адамға әкелетін рухани пайдасы. Бірақ, бұл мақалада біз ауыз бекітудің денсаулыққа әкелер дүниелік пайдасы туралы әңгіме қозғағанды жөн көріп отырмыз.

Біріншіден, қазіргі медициналық ізденістердің нәтижесінде ораза тұрғысында 3 нәрсе айтуға болады:

— Ораза – ішіп-жеуден тоқталатын жәй ғана діни жоралғы емес, оның адам денсаулығына зор пайдасы бар екені дәлелденіп отыр;

— Ораза – адам толыққанды өмір сүру қалпын ұстап тұруы үшін маңызды процесс;

— Ораза – адамға тамақ жеу, тыныс алу, ұйқы, іс-қимыл сияқты адам организміне өмірлік маңызы бар құбылыстардың бірі. Егер адам ұзақ мерзімге ұйқыдан не тамақ жеуден тыйылса, денсаулығына зақым келіп, дертке шалдығатыны секілді адам ораза ұстамаса, ағзасына зиян келетіні анықталып отыр.

Ендігі кезекте оразаның оң қасиеттеріне жеке-жеке тоқталайық.

1. Жасушалар жаңарып, ескілері жойылады

Ораза – адам организміндегі қажетінен артық және ескі жасушаларды жоюшы қызметін атқарады. Оразаның тәртібі бойынша, адам жылына бір ай толығымен ауыз бекітеді. Күніне кем дегенде 14 сағат жеп-ішуден тыйылып, одан кейін бірнеше сағатқа ауызын ашып, әл жинап алу қажет. Бұл – адам ағзасындағы жасушаларды жандандырып, керек еместерін жою процесіне қажет уақытқа дәл келеді. Адам қарны ашқан кезде әлсіз жасушалар өздігінен жойылып, аштыққа қарсы тұру үшін ішкі ағзасы белсенділікпен жұмыс істейді. Сөйтіп, олардың өміршеңдігі күшейе түседі. Сондай-ақ, ораза адам организмін тас, артық ет, май мөлшері сияқты зиянды заттардан арылтады.

2. Қант ауруына тосқауыл болады

Ораза тұту – қандағы қант үлесін барынша төмен мөлшерге түсіруге септігін тигізеді. Себебі, ораза ұстаған кезде адамның ұйқы безі дем алады. Ұйқы безі қантты крахмалды заттар мен майларға айналдыратын инсулин бөледі. Егер адам ұйқы безінің шығаратын инсулинінен артық мөлшерде тамақ жейтін болса, онда бұл ұйқы безіне ауыр тиіп, жұмыс істеу белсенділігін төмендетеді. Осылай жалғаса берсе, ұйқы безі өз функциясын атқарудан қалады. Осы уақытта адам бойындағы қант қанға тарай бастайды да, оның қандағы құрамы бірте-бірте көбейіп, қант ауруына шалдығады. Қазір әлемнің біраз жерінде қант дертіне шалдыққан адамдарды ораза тұту арқылы емдеу етек алып жатыр.

Ауыз бекіту арқылы қант аруын емдеу процесі былай жүреді:

пациент 3 апта бойы күніне (қанындағы қанттың мөлшеріне байланысты) 10-20 сағат арасында ауыз бекітеді. Одан кейін ауыз ашқан кезде жеңіл тамақтармен қоректенеді. Бұл химиялық дәрі-дәрмектерді қолданбай, қант ауруын емдеудегі ұтымды жол екенін медицина дәлелдеп отыр. Француз биологы, ішкі ағзалар бойынша білікті дәрігер болған, Нобель сыйлығының лауреаты Алексис Каррель өзінің «Белгісіз адам» деген еңбегінде былай дейді: «Адамдар барлық ғасырларда ораза тұтқан. Сондай-ақ, барлық діндер тамақ-судан тыйылып, ауыз бекітуге шақырудан ешқашан тыйылған емес. Адам ауыз бекіткенде ең бірінші аштық, одан соң денеде әлсіздік сезінеді. Кейде осының әсерінен адам қобалжуы да мүмкін. Бұл сыртқы болып жатқан жағдайлар, бірақ ішкі организмде құбылыстар бұған қарағанда маңыздырақ. Осы сәтте бүйректегі қант қимылдайды, онымен бірге терінің астында сақталған майлар да қимылдап ериді. Ішкі ағзалар мен жүрек бір қалыпты жұмыс істеуі үшін барлық организм өзіндегі сақталған қордан қажетті энергия жұмсай бастайды.

Бұл – болашақта адам организмінің жақсы жұмыс істеуін қамтамасыз етеді». Каррель айтып отырған тамақтан бір мерзімге тыйылып, ауыз бекіту – мұсылмандардың оразасы емес пе?

3. Артық салмақтан арылуға әсерін тигізеді

Егер ораза ұстаушы ауыз ашқаннан кейін жейтін тамақ мөлшеріне шектеу қойып, дұрыс режиммен жүрсе, бойдағы артық салмақтан арылуға ораза таптырмайды. Яғни, адам ұзаққа уақытқа қарны аш жүріп, бірден ауыз ашқан кезде тамақ пен сусындарға тойып алмағаны жөн. Бұл керісінше салмақтың көбеюіне әкеп соғады. Алла елшісі (с.а.с) ауыз ашар кезде тек бірнеше құрмалардан дәм тартып, аз ғана су ішіп ақшам намазына тұратын. Пайғамбарымыздың (с.а.с) осы бір әдеті бәрімізге үлгі бола алады. Себебі, құрманың құрамында қант бар, ал қант қан құрамына тез тарайды, сол себепті адам аузын құрмамен ашатын болса, бірден тоқшылықты сезінеді. Сонымен қатар құрма адам ағзалары қалыпты жұмыс істеу үшін қажетті энергиямен қамтамасыз етеді. Көп адамдар күні бойы тамақтан тыйылып ауыз ашқаннан кейін бірден ауыр, майлы тамақтарды, көкөністерді жеп бастайды. Бұл тағамдарды асқазанның қорытуы ұзақ уақыт алады.

Дереккөз: www.zharar.com

Leave A Reply

Your email address will not be published.