Жамбыл облысы ҚАЖД ЖД-158/7 мекемесінде ұлттық мейрамға орайластырылған көрме өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Бүгінде Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД ЖД-158/7 мекемесінде 600-ден астам жазасын өтеушілер бар болса, олардың 70 пайызы жұмыспен қамтылған. Шалыс басып, адасқандар оқшаулы орында қол қусырып қана отырмай, пайдалы іспен айналысып, тіптен кейбірі өзге мамандықты меңгеріп те үлгерген. Ағаш ойып, темір түйгендердің тың дүниелері көз сүйсіндіреді. Бөдене құсын қолға баулып, қылқаламды серік етіп, шеберлер ұлттық үйді де мінсіз құрастырыпты. Мұнан өзге, арнайы қызметтік киімдер мен түрлі аяқ киім тігумен де шұғылданады. Атаулы түзеу мекемесінде қазіргі таңда 14 жеке кәсіпкерлік жүйелі жұмыс істейді. Өндірілген өнімдер ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде көрмеге қойылып, келушілер назарына ұсынылды.
Сондай-ақ, ұлттық мейрамға орайластырылған шараның жоғарғы деңгейде өтуіне аймақтағы Қылмыстық атқару жүйесіне қарасты ЖД-158/2,4,5 мекемелері де ат салысты. Келушілер қатарында «Нұр Отан» партиясы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, қалалық әкімдік, БАҚ сондай-ақ, «Қызыл Ай», «Феникс» қоғамдық бірлестігі және өзге де сала өкілдері бар.
Басты мүдде – сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеп, еңбекпен баулып қана қоймай, оларды ынталандыру турасында осы сынды көрмелермен жігерлендіру болып табылады. Сонымен қатар, теңізге тамшыдай болса да үлес қосып, ата-ана, бала мейіріміне мұқтаж жандарға мерекелік көңіл-күйі сыйлау. Осы бағытта көрмеге қойылған барлық тауар қайырымдылық ретінде өңірдегі қарттар мен балалар үйіне сыйға берілді.
ЖД-158/7 мекемесінің баспасөз қызметі