Жамбылдық жастар форумда бас қосты

0 10

Бүгін М.Үркімбаев атындағы Жастар сарайында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Білімді жастар – ел болашағы» тақырыбындағы облыстық жастар форумы болып өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Форумда Агенттіктің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Равиль Төлебаев, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мади Матен, жас мемлекеттік қызметші, Жуалы ауданы, Шақпақ ауылдық округінің әкімі, 2017 жылғы ҚР үздік мемлекеттік қызметкері Мұстафа Бектұрғанов, «Нұр Отан» партиясының жастар жылы аясында жоспарланған жобалары туралы Жамбыл облыстық «Жас отан» жастар қанатының төрағасы Уалихан Болатбек, облысымызда жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобалар туралы жас ғалым Дәулет Егембердиев өз ойын ортаға салды.

Еліміздегі жастарға қарастырылған мол мүмкіндіктер туралы Мұстафа Бектұрғанов:

— Қазіргі лауазымыма мемлекеттік қызмет саласында меритократия қағидаты арқылы сатылай өстім. Ешбір тамыр таныссыз өсуге болатының бүгінгінің жастары сезінуде. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұйымдастыруымен өткен мемлекеттік қызметшілер арасында өткен конкурста жеңімпаз атанып Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесу бақыты бұйырды. Кездесуден ерекше әсер алып, жастық жігерімді шыңдай түсті. Мемлекеттік қызметке деген қызығушылығымды одан сайын арттырды, елбасының мемлекеттік қызметшіге деген сенімі зор екенің түсіндім. Бұл байқау зор қуанышпен қатар үлкен міндет жүктеді. Республика көлемінде облысымыздың абыройын қай салада болмасын Киелі Әулие ата жерінің шоқтығы жоғары екенін көрсетуге ат салысқаныма қуаныштымын. Мақсатым еліме қызмет ету, мемлекеттік қызметке алғаш кіргендегі ел алдында қабылдаған антымма адал болу, — деді Ол.

Сондай-ақ, шара барысында Равиль Төлебаев бүгінгі таңда жастарға білім алу, ғылыммен шұғылданып, идея бөлісіп, оны жүзеге асыруға толық мүмкіндіктері туралы атап өтті.

— Білімнің жоғары деңгейі – кез келген елдің бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторы. Білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі бойынша Қазақстан әлемдегі ең алдыңғы елдердің қатарында. Осыған байланысты, жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру және студенттердің өмір сүру жағдайларын жақсарту бойынша мемлекет тарапынан ауқымды шаралар қабылдануда. Тәуелсіздік жылдарында елімізде жоғары және сапалы білімі бар көптеген мамандар даярланды. Жастардың сауаттылық индексі бойынша Қазақстан әлемнің 155 мемлекет арасында 15 орында, ал білім индексі бойынша 9 орынға ие болғаны осыған дәлел болып отыр, — деді Ол.

Сонымен қатар, қоғамның әр саласында табысты еңбек етіп жүрген жастар жетістіктерімен бөлісіп, ұсыныс тілектерін білдірді.

Форум қорытындысында Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Айбек Кадралиев жастар атынан 4 бағытта жұмыс жасау бойынша үндеу жасады:

  1. Коворкинг орталығында Жастармен өзекті мәселелер бойынша апта сайын кездесу ұйымдастыру;
  2. Ай сайын жастармен көмекке мұқтаж жандарға үй шаруасы бойынша көмектесу;
  3. Ай сайын жас кәсіпкерлермен жаңа бизнес жобаларды талқылау бойынша кездесу ұйымдастыру;
  4. Тоқсан сайын жастар арасында стартап жобалар бойынша байқау ұйымдастыру.

Айта кетейік, шараның мақсаты жастардың бойындағы өзекті мәселелерді талқылау, жастардың жаңа идеяларымен бөлісу, белсенді, бәсекеге қабілетті азаматтық ұстанымы бар жастарды тәрбиелеу болып табылады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.