Тараз қаласының ең үлкен көшелерінің бірі – Төле би даңғылы енді Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көше болып қайта аталады. Бұл туралы шешім бүгін облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХХIII сессиясында бекітілді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сессияны облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов жүргізіп отырды. Мұндай ұсыныс Тараз қаласы әкімдігі мен мәслихатының бірлескен шешімі негізінде жолданған. Осыған орай облыстық әкімдік пен мәслихатының бірлескен шешімі облыстық Қоғамдық Кеңеспен келісілді.
Айта кетейік, бүгін ҚР Президент ретінде бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында Тұңғыш Президенттің есімін мәңгілікке қалдыру үшін облыс орталықтарындағы негізгі көшелердің біріне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен атау туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай, Тараз қаласындағы 6 шақырымды құрайтын Нұрсұлтан Назарбаев көшесі пайда болды.
Жаңа даңғылдың бойында тұңғыш Президент саябағы, «Мәңгілік ел» монументі, Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақ, орталық «Достық» алаңы, облыстық қазақ драма театры, орталық мешіт және тағы басқа бірқатар маңызды нысандар орналасқан. Сондай-ақ, Тараздағы Ташкент көшесі Төле би атымен қайта аталатын болды.