Бүгін Әулиеата жұртшылығы Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесін тойлауда. Осы орайда, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қатысуымен Тараз қаласында «Балқарағай» фито-бар емдеу-сауықтыру орталығы ашылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Облысымызда тұңғыш рет ашылған фито-барда алдағы уақытта келушілерге арналып емдік өсімдіктерден дайындалған түрлі тағамдар мен сусындар, денсаулықты жақсартатын диеталық өнімдер ұсынылмақ. Орталықтың негізгі мақсаты салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау болып табылады.
Салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов фито-бар емдеу-сауықтыру орталығының ерекшелігі мен пайдасына тоқталып, халық денсаулығын арттыруға зор үлес қосатынына сенім білдірді.
Айта кетейік, жобаны облыс басшысының идеясымен жеке кәсіпкер Қадырхан Абдуллаев қолға алып, жүргізуде. Бұл жерде 100-ден астам шөп түрлерінің емдік қасиеттері пайдаланылады. Ол шөптер еліміздің әр түкпіріндегі таулы аймақтардан теріледі. Орталық ғимаратының аумағы 700 шаршы метрді құраса, маңында жалпы аумағы 1,8 гектарды құрайтын саябақ орналасқан. Мұнда барлығы 30-35 адам жұмыс атқарады. Олардың қатарында шөппен емдейтін, педиатр, терапевт дәрігерлері бар. Орталықта тәулігіне 150-200 адамды қабылдауға мүмкіндік жасалған. Мұнда негізінен емдік шөптерден дайындалған шәйлармен емдеу шаралары жүргізілмек. Ал тағамдар мәзірінде диеталық өнімдерге басымдық беріледі. Емдік шөптерді пайдалануда «Зерде-Фито» ЖШС-мен бірлесіп еңбек етпек.