Бүгін Таразда «Наурыз» мерекесі аталып өтуде. Айтулы күнге орай, шаһарда жаңадан ашылған «Жастар» аллеясындағы маңызды нысандардың бірі – «Jastar» қабілет орталығы. Аллеяның ортаңғы бөлігінде орналасқан нысан да осы күні пайдалануға беріліп, өңірдегі жас буын үшін тамаша тарту болды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Ғимараттың салтанатты ашылуынан соң облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен қонақтарға нысанның жұмыс барысы туралы «Табыс жоба» ЖШС-нің ІT маманы Нұрсұлтан Тұрысбек таныстырды. Ол алдымен ғимараттың кіреберісінде орналасқан көрнекіліктермен, стендтерге тоқталып өтті. Ондағы дүниежүзі мемлекеттері картасы, Тараз қаласының архитектуралық әсем жерлері стенді, сол жақ қабырғаларындағы цифрлы Қазақстан стендтері туралы баяндады.
Ал LED экран арқылы жастарға қолдау көрсету мақсатындағы жобалар, мемлекеттік бағдарламалар туралы роликтер көрсетілді. Ол роликтерде жастардың жұмыспен қамтылуы, жастардың бизнеспен айналысуы, ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялар көрініс тапты. Сондай-ақ, ғимарат сөрелерінде тұрған түрлі саладағы кітаптардың таныстырылымы өтті.
Айта кетейік, орталықта жастар үшін ғаламтор желісіне үздіксіз қосылуға барлық мүмкіндік қарастырылған. Бұл нысан «Табыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен бой көтерген. Мұнда жақын маңдағы бірқатар орта арнаулы және жоғары оқу орындары студенттерінің ғаламтор арқылы өздеріне қажетті ақпараттар іздестіріп тауып, оқу үрдісіне пайдалана алады. Бірегей жобаның жобалық құны 47 миллион теңгені құрайды. Оның жалпы аумағы 288 шаршы метрді алып жатыр. Орталықта 16 адамға арналған «коворкинг» залы мен 40 адамға арналған асхана жұмыс істейді. Коворкинг залында 8 ноутбук қойылған. «Wi-fi» желісімен қамтамасыз етілген. Студенттер кітап сөрелерінен қажетті кітаптарын алып, курстық жұмыстарын, рефераттарын жаза алады.
Жастар жылына орай жастарды қолдау мақсатында бой көтерген орталық өскелең ұрпақтың бос уақыттарын тиімді пайдалануға үлкен әсерін тигізеді деп күтілуде.