Әкімдерге арналған семинарға облыс әкімі қатысты

0 18

ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Жамбыл облысы бойынша филиалында «Өңірлік дамуды трансформациялау» тақырыбында жергілікті атқарушы билік өкілдеріне арналған семинар өтті. Қала және аудан әкімдерінің кәсіби шеберліктерін арттырып, трансформациялық ойлау мәдениетін қалыптастыру мақсатындағы шара төрт күнге созылған. Семинар барысында 40 сағаттық арнайы сабақтар өткізіліп, лекциялар оқылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов аталмыш семинар барысында Тараз қаласы және аудан әкімдеріне лекция оқыды. Лекция барысында өңір басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолындағы арнайы жүйенің қалыптасып келе жатқанын тілге тиек етіп, бұл бағытта баянды жұмыстар жанданып, жалғаса беретінін баса айтты. Сондай-ақ, жуырда облыс басшысының өкімімен бекітілген жергілікті атқарушы органдарының жұмыс алгоритмдерінің маңыздылығы мен мақсаты туралы кеңірек тоқталды. Алгоритмнің негізгі мақсаты облыс әкімінің орынбасарларының, аудан, қала және ауылдық округ әкімдерінің жұмыс тиімділігін арттыру екендігі баса айтылды. Онда барлық деңгейдегі әкімдердің халыққа жақын болып, әлеуметтік проблемаларды табандылықпен шешу, жалған көрсеткіштен аулақ болу секілді талаптар жан-жақты қамтылған. Асқар Исабекұлы өз сөзінде халықтың әлеуметтік тұрмыс сапасын арттыру мен экономиканы көтеруге аса мән беріліп отырғандығын жеткізіп, қала және аудан әкімдерін сол бағытта аянбай жұмыс жасауға шақырды.

Айта кетейік, семинар қорытындысы бойынша қатысушылар өз өңірлері бойынша жоба қорғап, сертификаттарға ие болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.