Көпбалалы, аз қамтылған және әлеуметтік осал топтағы отбасыларға жағдай жасау – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі десек, облыстық қоғамдық кеңес жанынан бұл бағытта арнайы комиссия құрылып, жұмыс жоспары бекітілді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Осыған орай өткен жиында Асқар Мырзахметов барлық атқарылатын шаралар заң шеңберінде болуын, және аталған комиссия жоғарыдағы мәселеге байланысты жұмысты барынша ширатуы керектігін тапсырды. Яғни, комиссияның жұмысшы тобы заң аясындағы барлық құқықпен қамтамасыз етіліп, құзіреттілігі күшеюі керек. Осылайша, олардың алдына бірқатар міндеттемелер қойылып отыр. Атап айтсақ, мектептерді ыстық тамақпен, киім-кешекпен қамтамасыз ететін компаниялар мен фирмалар жұмысы қатаң бақылауға алынбақ.
Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар мен бұл санатқа ілікпеген 3064 отбасының жағдайын жақсартуға күш салынады. Әсіресе, ауылда тұратын жұмыссыз жандардың тізбесі жинақталып, қайтарымсыз немесе пайызы аз несиелер арқылы шаруаларын ширатуға бағытталған шағын жобаларды жүзеге асыру тапсырылды. Бұл үшін 308 миллион теңге көлемінде республикаға өтінім жолданыпты. Егер аталған сома жоғарыдан мақұлданбаса, облыс бюджеті әр жыл сайын осы көлемде қаржы қарастыруға ниетті. Комиссия облыс көлемін түгел қамту үшін, аудандардағы қоғамдық кеңес жанынан да жұмысшы топтарының құру жайы қаралды. Сол арқылы аудан-ауылдардағы мәселелер де назардан тыс қалмайтын болады.