Жамбылдағы түзеу мекемесінде жазасын өтеушілердің 70 пайызы жұмыспен қамтылған

0 6

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД ЖД-158/7 мекемесінде сотталғандардың 70 пайызы бүгінде жұмыспен қамтылған. Алғаш 2016 жылы 2 ғана жеке кәсіпкерлік құрылса, бүгінде олардың саны 14-ке жетіп отыр. Арасында мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көріп, кәсібін дөңгелеткен бұрыңғы сотталғандар да бар. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Түрме жұмыс жоқ деп қол қусырып отырар орын емес. Мәселен, республикалық мемлекеттік «Еңбек Тараз» кәсіпорны ең бірінші іске қосылып, қазірде қанатын кеңге жайған. 57 азаматты жұмыспен қамтып, 60-тан астам арнайы киім мен табиғи былғарыдан түрлі аяқкиімдер тігеді. Осы сынды «Медетбеков» жеке кәсіпкерлігі бөдене баулып, тұқымын сатып, табысқа кенеліп отыр.

Биыл елімізде «Жастар жылы», бұл бағытта да атаулы мекемеде тындырымды тірлік көп. 30 жасқа дейінгі жазасын өтеушілер 63-ті құраса, олардың басым бөлігі екі қолға бір күрек ұстап, нәпақа тауып отыр. 25-30 мыңға дейін жалақы алып, отбасына да қол ұшын созуда. Межелі міндет жастардың барлығын да жұмыспен қамтып, тірлікке тарту. Сондықтан олармен әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жиі жүргізіледі.

Осыған орай, арнайы семинар болып өтті. Оған Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, облыс әкімдігі Жастар саясаты мәселелері, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының өкілдері қатысып, кеңес берді. Жаза басып жаңылғандарға жол көрсетіп, оңтайлы жолдарын нұсқады.

Сала мамандары сауалдарға жауап беріп, алдағы уақытта да тығыз байланыста жұмыс жасауға уағдаласты.

ЖД-158/7 мекемесінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.