Таразда атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін құжаттар 1-сәуірден бастап қабылданып жатыр, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.
Тараздағы жұмыспен қамту орталықтарында көп балалы аналардың қарасы қалың. 300-ге жуық ана қандай құжаттарды тапсыру керегін білмей әлек. Соның бірі, Егембердиевтердің бір айда алатын жиынтық табысы 95 мың теңгеден аспайды. Бұл – олардың отағасының жалақысын, атаулы әлеуметтік көмек пен «Алтын алқа» жәрдемақысын қосқандағы кірісі. Енді мемлекет әр баланың басына 21 мың теңгеден төлейді.
Бұл оқиғаның арты у-шуға ұласып кетпес үшін мұндағы басшылық бәрін түсіндіруге асықты.
Елдос Кеңесбеков, Тараз қаласы халықты жұмыспен қамту орталығының директоры:
– Интернет желісі, БАҚ көздері арқылы жіберген кезде, біз бір ғана жеке куәлікпен ғана қабылдаймыз дегенбіз. Қазір бір ғана куәлікпен қабылдап жатырмыз. Бірақ сәуір айында толығымен құжат өткізуге қарамастан, азаматтардың бәрі бірінші сәуірде тапсырғысы келіп, көп азаматтар осында келіп жатыр.
Атаулы көмектің жаңа тәртібі бойынша жәрдемақы алу үшін бүгіннен бастап жеке куәлігіңді тапсырып, сауалнама толтырсаң жеткілікті. Құжаттарды сәуірдің соңына дейін қалалар мен аудандарда жұмыспен қамту орталықтары, ал ауылдарда әкімдердің өздері қабылдайды.
Тимур Нұрымбетов, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
– Бұрын егер көп балалы отбасыға 10500 теңге төлесе, енді отбасының жалпы табысын санап, жан басына шаққанда кедейлік мөлшерінен төмен болса, балалардың бәрі кепілдендірілген 20789 теңге алатын болады. Сонда мысалы 4 баласы бар отбасының айлық табысы 100 мыңнан асады.
Жаңа тәртіппен берілетін атаулы көмек Жамбыл облысында 30 мыңға жуық отбасыға қолжетімді болмақ. Ол үшін жергілікті билік республикалық бюджеттен 13,3 млрд теңге бөлуді сұрап отыр. Көп балалы аналар еселенген жәрдемақыны мамырдың бірінен бастап алады.