Сарысуда қылмыстық ахуал тұрақты — Қ.Қапаров

0 15

Сарысу аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Қайрат Қапаров Сарысу аудандық мәслихатының сессиясында 2019 жылдың 2 айында аудандағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алудағы атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиын барысында аудандық полиция  бөлімінің қылмысқа қарсы күрес және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өткізілген бірқатар кешенді іс-шаралары туралы, сондай-ақ халықтың полиция қызметкерлеріне деген сенімін арттыру мақсатында жергілікті органдармен және халықпен өзара байланысты күшейту жұмыстарының жандандырылғаны туралы айтылды.

2019 жылдың 2 айында Сарысу ауданы аумағында жалпы 57 қылмыс тіркелген. Оның ішінде 31-і толық аяқталып, 11-і уақытша тоқтатылған,   қылмыстың ашылу деңгейі 73,8 пайызды құраған.

Сондай-ақ, 476 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталып, нәтижесінде 1 597 062 теңгеге айыппұл салынып, оның 816 837 теңгесі мемлекетке өндірілген. 

Ауданда уақытша 60 шетел азаматы тіркелген. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің талаптарын бұзғаны үшін 11 азамат жауапкершілікке тартылды.

Есеп беру барысында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, жол қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жандандыру үшін қызметтік автокөліктер, бейнетіркегіш, радар мен бейнежетондардың қажеттілігі туындап отырғаны және 5 учаскелік тірек пунктеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігін полиция бөлімінің бастығы атап өтті.

Аудан тұрғындарын бөтеннің мүлкін ұрлаудың алдын алу мақсатында көшелерге, көпқабатты үйлердің және әр подъездің алдына сапалы бейнебақылау камералары мен жарық шамдарын орнату, сонымен қатар подъездерге темір есіктер мен домофондар орнату қажеттілігіне тоқталды. Осылайша, қылмыс саны азайып, қылмыстардың ашылу деңгейі көтерілетініне назар аударды.

Жиынды қорытындылаған полиция бөлімінің бастығы баяндаманың соңында аудандағы қылмыстық ахуалдың жалпы жағдайы тұрақты екендігін айтып, қойылған сұрақтарға толыққанды жауаптар берді. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтарды ашуға көмек көрсеткен азаматтарға полицейлер атынан ризашылығын білдірді. Қ.Қапаров өз сөзін: «Полиция жұмысының басты өлшемі – қарапайым азаматтардың пікірі болғандықтан, тұрғындар айтқан барлық ұсыныстар, шағымдар, өтініштер мен тілектер ескеріліп, жеке бақылауға алынатын болады», — деп қорытындылады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.