Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында аталған мекеменің басшысы Жанжігіт Омарханов, «125» білім академиясының директоры Әлібек Құлбатырдың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Спикерлер Әулиеата журналистеріне ағылшын курсын ұйымдастыру туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Қазіргі таңда, Жамбыл облысында мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 98,3 пайыз, орыс тілін меңгергендердің үлесі 92,3 пайыз, ал ағылшын тілін меңгергендердің үлесі 25,1 пайызға жеткен. Ақпараттық майдан заманында журналистер мен блогерлердің ағылшын тілін меңгеріп, емін-еркін жұмыс жасауы өте маңызды.
Осы мақсатта, Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Өңірлік коммуникациялар қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі БАҚ өкілдерінің ағылшын тілі деңгейін көтеруге арналған 4 айлық курс өткізілу жоспарланып отыр.
Журналистер мен блогерлерге әр аптаның сейсенбі және бейсенбі күндері сағат 17.00-18.00 және 18.00-19.00-ге дейінгі уақыттарда 2 топқа бөлініп, ағылшын тілін оқитын болады. Бүгіннен бастап, әр сейсенбі, бейсенбі күндері «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» баспасөз алаңында алғашқы оқу курсы өткізіледі.
Аталған курсқа облыстық «Знамя труда», «Арай» және қалалық «Жамбыл Тараз» газеттері мен «Jambyl», 77 TV телеарналарының және «Өңірлік коммуникациялар қызметі» КММ қызметкерлері қатысып, ағылшын тілін үйренетін болады.