Елімізде обыр дертін қарасорамен емдеу әдісі жолға қойылмақ

0 4

Елімізде онкологиялық ауруларды, астма мен диабетті, паркинсон ауруларын техникалық қарасорамен емдеу әдісі жолға қойылмақ.

«Шетел азаматы болсам да, Қазақстанда біз төрт жыл бойы жұмыс істеп келеміз. Қазақстанда заманға сай медициналық технологияларды, ноу-хауларды пайдалана отырып, халыққа пайдалы болу үшін техникалық қарасораны медициналық мақсатта пайдалануды жолға қоюды көздеп отырмыз. Қазіргі таңда әлем бойынша АҚШ, Израиль, Германия, Канадада онкологиялық ауруларға душар болған адамдарды техникалық қарасораны пайдалана отырып емдейді. Менің өзім де Қазақстанда онкологиямен ауруханаға түскен едім. Бірақ, маған Алматыда Қазақстанның дәрігерлері емдеп шықты. Міне, содан бері Қазақстанға өзімді қарыздармын деп есептеймін», — дейді «RAIS Medicann International» компаниясының бас директоры Замик Рахимов Назарбаев Университетінің Медицина мектебінде өткен Техникалық қарасораны медициналық мақсатта пайдалану бойынша жаһандық форумда.

Оның айтуына қарағанда, техникалық қарасора онкология, диабет, астма, паркинсон, эпилепсия ауруларын емдеуде өте пайдалы.

«Дәлелдеріміз жетерлік. Қазіргі таңда біз Үкімет мүшелерімен кездесіп, келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ол тараптан да бізге зор қолдау бар. Назарбаев Университеті де бізге үлкен қолдау білдіруде. Қысқа уақыттың ішінде мемлекет тарапынан қолдау тауып, бұл жұмысты жандандырамыз деген үміттемін. Алғашқы сатыда Алматы облысында техникалық қарасораны өсіретін жылыжай мен оны өңдейтін зауыт салуды көздеудеміз. Сонымен бірге, клиника ашу міндеті тұр. Клиника 2020 жылдың екінші тоқсанында ашылмақ. Ол емханада онкологиялық ауруларға, астма мен диабетке душар болған пациенттерді қабылдайтын боламыз», — дейді ол.

Замик Рахимовтың айтуына қарағанда, техникалық қарасораны пайдалану химиятерапияны азайтып, табиғи жолмен емдеуге мүмкіндік береді.

«Мәселен, пациент бізге келгенде емханада нақты диагноз қойылады. Осыған қарай, компоненттерді әзірлейтін боламыз. Бүгінгі күні Израиль, АҚШ пен Канада елінің тәжірибелеріне сүйене отырып, осы амал-әдістің 6 айдың ішінде оң әсерін көрсететінін анықтадық. Адамдарды қауіпті аурулардан құтқара отырып, біздің лаборотория Орталық Азия ғана емес, Ресейден пациенттер келіп емделетін орталыққа айналса деген үмітіміз бар», — дейді ол.

Қарасораның өзі ҚР Ішкі істер министрлігі тарапынан бақылауға алынған өсімдік екені белгілі. Техникалық қарасораны өсіру заңнамалық тұрғыда қалай реттеледі? Аталмыш сұраққа жауап берген Замик Рахимовтың айтуынша, бұл ретте израильдік заңнаманы негізге ала отырып, елімізде техникалық қарасораны өсіріп, өңдеуді реттейтін заң жобасы әзірленеді.

«ІІМ-мен бірге заң жобасын бірге әзірлейтін боламыз. Бұл жерде техникалық қарасораны өсіруден бастап өңдеуге дейінгі ауқымды жұмыс ІІМ-мен реттелетінін айта кеткім келеді. Тіпті қарасора өсірілетін жылыжайда бейнебақылау камерасы орнатылып, арнайы күзет қойылады. Демек, бұл жерде де дамыған елдердің тәжірибесін қолданамыз», — дейді З.Рахимов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.