«Жамбыл-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде Денсаулық сақтау басқармасының басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымов пен Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Надуевтің онлайн режимде азаматтарды қабылдауы өтті. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Қабылдауды «Жамбыл-адалдық алаңы» жобасы кеңсесінің жетекшісі Қайрат Меклисов пен арнайы мониторингтік топ мүшесі Ихтияр Мырзахметов жүргізіп, облыс тұрғындарынан келіп түскен сауалдарды сала мамандарына Фейсбук желісінің тікелей эфирінде қойды.
Мәселен, Байзақ аудандық аурухананың бас дәрігері Рыскелді Сапарбековке ұжымның арызы, қалалық емханадағы кезек күтуді электрондық жүйеге ауыстыру, қала тұрғыны Токтош Дононбекованың инсульттен кейінгі емге порталды ұзақ күтуіне байланысты келіп түскен шағымдары қаралды.
Сала мамандары Байзақ аудандық аурухананың бас дәрігері Рыскелді Сапарбековке ұжымнан келіп түскен арызға байланысты шара қолданып, тексеру жұмыстары жүретінін, қаладағы барлық емханалар электрондық жүйеге көшіп жатқандығын, ауруханаға жататын науқастардың көптігіне орай портал кезегімен жылжитынын айтты.
Сонымен бірге, қабылдауға қала тұрғыны Елена Кан қатысып, қызының ұзақ уақыттан бері тері ауруымен ауырып, оған қажетті тегін алатын дәрілердің қала дәріханаларынан табылмауына орай ауруын асқындырып бара жатқан шағымына, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мурзакасымов мұны өз бақылауына алатынын, нақты сауалдармен қабылдауға келуін айтып, кеңестер берді.
Қала тұрғындары арасында өткен сауалнамаға қатысушылардың 50 пайызы денсаулық саласында сыбайлас жемқорлық фактілері жиі орын алады деп көрсетті, келіп түскен шағымдарда мерекелерге орай сыйлықтар жасауға ақша көп жиналатыны аталды.
Осыған орай «Жамбыл-адалдық алаңы» жоба қызметкерлері сала мамандарына өз ұсыныстарын айтты.
Еске сала кетейік, ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов денсаулық саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру (086 форма, жұмысқа жарамсыздық қағаздары) жұмыстары жүргізіліп жатқанына тоқталған болатын.