Облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Aurum Deutschland» ЖШС-нің өкілдерімен кездесті. Өз кезегінде германиялық компанияның өкілдері Жамбыл облысында ірі жобаны жүзеге асыруға ниетті екендіктерін жеткізді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңір басшысына «Aurum Deutschland» ЖШС-нің бас директоры Юрий Фадеев Қордай ауданынан тау-кен металлургия комбинатының құрылысын жүргізу үшін көлемі 160 гектар болатын жер керектігін жеткізді. Ол тиісті жер берілген жағдайда Шоқпар мен Гагарин кен орындарынан алтын өндіретін кәсіпорынның құрылысына дайындық жұмыстарын биылдан кешікпей бастайтындарын айтты.
Аталмыш жоба жүзеге асқан жағдайда жылына 5100 келі алтын өндіруге қуатты болмақ. Жоба құны 329 миллион евро. Серіктестік басшысының айтуынша, барлау, жобалау жұмыстары мен зауыт құрылысы алдағы 3-4 жылда жүргізіліп, 2023 жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Құрылыс кезеңінде 5 мыңнан аса адам, зауыт іске қосылғанда 1 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылады деп көзделуде. Сондай-ақ, компания өкілдері өңір басшысынан инфрақұрылым жүйелерін тартуға көмектесуін сұрады.
Жиында аталған инвесторлардың сұратып отырған жер аумағының маңынан жаңа су қойманың құрылысы да жоспарланып отырғандығы сөз болды. Асқар Исабекұлы бұл орайда жұмысшы топ құруды тапсырып, жан-жақты зерделеу шараларын жүргізу керектігін жүктеді. Сонымен қатар, жоба жүйелі әрі тұрақты болуы үшін екі жақты меморандум жасасудың маңыздылығына тоқталды. Ол меморандумда тараптардың міндеттері мен шарттары нақты жазылатын болады.
Айта кету керек, аталмыш серіктестік бұған дейін Қордай ауданында әлеуметтік әріптестік аясында өз қаржыларына спорт алаңшаларын салып, жол жөндеуге атсалысқан.