Бүгін «Nur Otan» партиясының Жамбыл облыстық филиалының кезектен тыс ХХV конференциясы өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Жиынға партия Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Асқар Мырзахметов, партияның қалалық және аудандық филиалдарынан сайланған делегаттар, партия жанындағы комиссияларының мүшелері қатысты.
«Nur Otan» партиясының XVIIІ съезінде елдің әл-ауқатын арттыру, өңірлерді дамытуға бағытталған нақты жұмыстар мен жоспарлар айқындалып, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев барша қоғам алдына ауқымды міндеттер қойып, партияның «Бақытты отбасы», «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» және «Халыққа көмек» жобаларын ұсынған болатын.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған партия Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов аталған жобалар бойынша облыста атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
-«Бақытты отбасы» партиялық жобасы бойынша көпбалалы отбасыларға берілетін түрлі әлеуметтік жеңілдіктер жасау жолдары қарастырылады. Ал, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, алдағы үш жылда 18-ден 35 жас аралығындағы 2 мың жас өндірістік сынақтан өтеді. Жобада жастар арасында бизнес-ортаны қалыптастыру үшін бизнес жобаларын қорғау жолдары қарастырылып отыр. Бұл жобаға облыс бойынша республикалық бюджеттен бөлінетін 2 769 311,0 мың теңгеге барлығы 104 жоба жүзеге асырылатын болады, — деді Е.Манжуов.
«Халыққа көмек» жобасы бойынша облыста жұмыстар басталып кетті. Бүгінгі күнге жоба аясында 550 өтініш түсіп, олардың 183-і оң шешімін тапқан (33%). Қалған өтініш иелеріне ҚР заңнамалары талаптары бойынша түсіктеме берілді. «Құтты мекен» жобасы шеңберінде азаматтардың өмір сүру сапасын жан-жақты арттыру мен халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі көтерілген. «Нұрлы жол» мен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары «Құтты мекен» жобасы бойынша 2019 жылға республикалық бюджеттен 1,5 млрд. теңге қаралып отыр.
Конференцияда партия облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Асқар Мырзахметов бүгінде өңірде 30 мыңға жуық отбасы әлеуметтік көмек алатынын айтты.
– Сонымен қатар, түрлі себептерге байланысты әлеуметтік көмек алатын отбасылардың тұрмыс деңгейіндегі, алайда әлеуметтік көмек ала алмай отырған 3 мың жанұяның тізімі анықталды. Сол отбасыларға облыстық бюджет есебінен көмек көрсетілетін болады. Қазіргі кезде осы бағыттағы жұмыстардың үш жылдық жоспары жасалынып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстардың «Nur Otan» партиясы мен әкімдік бірлесе толық атқарсақ, Елбасының партияның кезекті XIX съезінде айтылған тапсырмаларын орындайтын боламыз, — деді аймақ басшысы.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында да облыста ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Республикалық қазынадан бөлек, облыстық бюджеттен де 6 млрд тенгеден аса қаражат бөлетін болады. Ол ауылдағы тұрғындардың жағдайын жақсартуға, елді мекендердегі тауар өндірушілерге көмек көрсетуге, жалпы ауылды дамытуға бағытталады.
— «Халыққа көмек» жобасы бойынша да өңірде жұмыстар атқарылып жатыр. 153 елді-мекен болса, былтырдан бері 70 ауылдық округте ақпараттық орталықтар халыққа қызмет ете бастады. Алдағы уақытта тағы 71 ауылдағы мәдениет үйлерінен ашылатын болады. Өзге мекендерде де кеңжолақты интернет қолжетімді болғанда, Жамбыл обылсында елді мекендерде 100% ақпараттық орталықтармен қамтылатын болады. Ал мұндай орталықтар халыққа қызмет көрсетудің бірден бір тетегі, — деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, жиын соңында ағымдағы жылдың 23 сәуір күні өтетін партияның кезектен тыс ХІХ съезіне делегаттар ұсынылып, сайланды.