Жамбыл облысының Қордай ауданында болған ірі жол апатынан зардап шеккен 9 адам әлі ауруханада жатыр, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Өздеріңіз білетіндей, жол апатынан 11 адам көз жұмған болатын. 31 адамға әртүрлі деңгейде медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі таңда тоғыз адам ауруханада жатыр. Үшеуі жансақтау бөлімінде. Дәрігерлер ол үш адамның жағдайы ауыр және бірқалыпты екенін хабарлады. Жансақтау бөлімінде жатқан үш адамның бірі Өзбекстан азаматы. Қалған алты адам аурухананың әртүрлі бөлімдерінде ем алуда. Алты адамның екеуі Өзбекстанның, қалған төртеуі біздің елдің азаматтары», — деді Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап берген Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов.
Өңір әкімі қазақстандық тарап көз жұмғандардың денесін шекараға жеткізгенін атап өтті.
«Ал ем алып жатқан азаматтарға тиісті көмек барынша көрсетілуде», — деді аймақ басшысы.
Еске сала кетейік, 21 сәуір күні «Алматы-Ташкент» автожолының бойында ірі жол апаты болып, 11 адам қаза тапты. Тағы 5 адам ота үстелінде, ал 3 адам жансақтау бөлімінде жатқаны хабарланған еді. Облыста жедел штаб құрылды. Психологтар кезекшілік етіп жатқан «жедел желі» +7 (7262) 513575 және +7 (7262) 514167 жұмыс істеп тұр.
ҚР ІІМ мәліметінше, апатқа ұшырағандар арасында Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан азаматтары бар.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке көңіл айту жеделхатын жолдады.