Шетел жұмыс күшін тартудың тиімділіктері
Жалпы қай өңірге болсын шетелдік жұмыс күшін тарту Үкіметпен белгіленген квотаға сәйкес жүргізілуі тиіс. Онда ел аумағында еңбек ету үшін жұмыс берушіге рұқсат етілген шетелдік жұмыс күшінің шекті саны көрсетіледі. Олар республика аумағында маусымдық жұмыстарға өз бетінше орналасатын шетелдіктер мен корпоративішілік ауыстыру шеңберінде жұмыс істейтін азаматтығы жоқ адамдар болғандықтан, шектеу қойылған.
Шетелдіктерге ел аумағында жұмыс істеуге рұқсат беру және жұмыс істеу мерзімін ұзарту тәртібі мен шарттарын айқындау мақсатында жұмыскерлердің 4 түрлі санаты белгіленеді. Атап айтсақ, біріншісі – басшылар және олардың орынбасарлары, келесісіне құрылымдық бөлімшелердің басшылары, одан кейінгі санатқа мамандар жатса, соңғысы – білікті жұмысшылар.
Рұқсат алу үшін жұмыс берушi не ол уәкiлеттiк берген адам «Е-лицензиялау» мемлекеттік дерекқоры» ақпараттық жүйесі арқылы не қағаз түрінде шетелдiк жұмыс күшiнiң еңбек қызметiн жүзеге асыру орны бойынша жергілікті атқарушы органға өтiнiш бередi. Ол үшін білімі туралы құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелері немесе аудармалары (егер құжат қазақ немесе орыс тілінде толтырылмаған болса), еңбек қызметі мен кадрлардағы жергілікті қамту туралы ақпарат және шетелдік жұмыскердің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі керек болады.
Жалпы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан шетел азаматтарын жұмысқа тарту бойынша жамбылдық жұмыс берушілерге биыл барлығы 774 квота белгіленген болатын.
2019 жылдың 1 мамырындағы есепке сәйкес Жамбыл облысы бойынша 30 жұмыс берушілерде берілген рұқсаттар негізінде 264 шетел азаматы жұмыс атқаруда. Оның ішінде 1-санат бойынша – 8 адам, 2-санат бойынша – 49 адам, 3-санат бойынша – 203 адам, 4-санат бойынша – 2 адам, маусымдық жұмысқа — 2 адам. Шетел жұмысшыларының қатарында Қытай, Өзбекістан, Грекия, Франция, Украина, Иран, Үндістан, Италия, Македония, Мысыр, Мальта, Израиль және Түркия азаматтары бар.
Шетел жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілерде жұмыс атқарып жатқан қазақстандықтардың саны 4520 адамды құрайды. Жыл басынан шетел жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілерде 22 жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті халық жұмыспен қамтылды.
Облыс аумағына шетел мамандары ішкі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша тартылуда. Олардың негізгілері: сапа жөніндегі инженер, инженер-энергетик, инженер-электроник, жабдықтарды жинақтау жөніндегі инженер, жөндеу және сынақтан өткізу жөніндегі инженер, инженер-жобалаушы, метрология бойынша инженер, электржабдықтарын жөндеу және бақылау жөніндегі электромонтер және тағы басқа мамандықтар.
Шетелдік жұмыс күшін тартқаны үшін жұмыс берушілер жұмыс күші санатына қарай бюджетке салықтық алымдар төлеп тұрады (экономикалық қызмет түрі мен санатына байланысты 137 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) 250 АЕК-ке дейін, яғни 346 000 – 631 000 аралығындағы мөлшерде салық
төленеді). Жыл басынан бері жұмыс берушілермен Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатты бергені және (немесе) ұзартқаны үшін алым мөлшерлемелеріне сәйкес барлығы 57,1 млн. теңге салық бюджетке төленді.
Шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілерге Ережеге енгізілген өзгерістердің жаңа талаптарын түсіндіру мақсатында түрлі семинар-кеңестер өткізілуде.
Нұрымбетов Тимуржан Бидайбекұлы
Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен
қамтуды үйлестіру және әлеуметтік
бағдарламалар басқармасының басшысы