Байзақ ауданында «Сервистік әкімдік» ашылды

0 4

Байзақ ауданының Түймекент ауылында «Сервистік әкімдік» ашылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

«Сервистік әкімдік» жобасы мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелерді бір жерде шоғырландыру мен азаматтарға қолайлы жағдай жасауға арналған. Демек, бұл жерде атқарушы билік өкілдерінің жергілікті тұрғындармен бетпе-бет отырып жұмыс жасауына еш кедергі жоқ. Оның үстіне шаруасы қауырт адам қаланың түкпір-түкпірінде орналасқан бөлімдерді іздеп сабылмай, қажетті қызметі бір ғимаратың ішіне тауып, ісін қиналмай-ақ бітіруіне қол жеткізеді.

Осы мақсатта, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Равиль Төлебаев іс-сапармен Байзақ ауданында болып қайтты.

Іс-сапар барысында Равиль Қуанышбайұлы аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімдерін аралап, қайта жабдықтаудан өткізілген ашық кеңселердің жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар, Түймекент ауылдық округі әкімінің аппаратында және №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде болып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру керектігін жеткізді.

Енді аудан басшысы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша аптасына бірнеше рет қабылдайды. Оған алдын ала тіркелудің де қажеті жоқ. Аптаның белгіленген күндері кез келген уақытта келуге болады. Кабинеттің ерекшелігі, қабырғасы тұтастай әйнектен салынған.

Бұл жоба «“Жамбыл – адалдық алаңы” жобасы аясында іске асты. Оның мақсаты — жемқорлықпен күресіп, кәсіби қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету. Сонымен қатар тұрғындардың түйткілді мәселелерін шешіп, әкімдердің жауапкершілігін күшейтуді көздейді.

«Open space режиміндегі ашықтық принципін қатаң ұстанатын мұндай нысандарды барлық жерлерде ашуымыз керек. Әрине, Халыққа қызмет көрсету орталықтары бар кезде, тағы қызмет көрсету орталықтарын ашудың қажеті қандай деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл сұрақта орынды. Дегенмен, мемлекеттік қызметтерді көрсету саласы өз алдында тұрған мәселелерді шешіп, дамудың жоғары сатысына жеткен жоқ. Көптеген мемлекеттік қызметтерді алу үшін жергілікті атқарушы органдардың ғимараттарына бару маңыздылығын әлі де жоғалтпады. Осыған байланысты, мемлекеттік қызметтерді алушылар үшін осындай «Сервистік әкімдік» ұйымдастыру кажет болып отыр», — деді Департамент басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.